«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЙКА” КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Петропавл қаласындағы “Қазақстан” кинотеатрында режиссер Сергей Дворцевойдың “Айка” кинофильмінің тұсаукесер көрсетілімі болды. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет кештің құрметті қонақтары – Сергей Дворцевой мен басты рөлді сомдаған жерлес актриса Самал Есләмоваға өңір жұртшылығының атынан ризашылығын жеткізді.

– Канн фестивалінен кейін кино әлемінің жарық жұлдызына айналған жерлесімізге фильмнің тұсаукесерін туған өңірде өткізуін өтініп қолқа салған едік. Бүгін сол сәттің куәсі болып отырмыз. Біз үшін бұл үлкен мәртебе. Самал – біздің мақтанышымыз. Тума талантының арқасында ол биік шыңды бағындыруда, – деген Мадияр Дүйсенбайұлы Сергей Дворцевойды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Өз кезегінде режиссер көрсетілімге жиналған қауыммен қазақ тілінде амандасып, жүрекжарды лебізін білдірді.

– Самал – дарынды актриса. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайды. Актер үшін бұл басты қасиет. Ол посткеңестік кино тарихында алғаш рет әлемнің үздік актрисасы атанды. Осындай дарынды дүниеге әкелген Қызылжар жұртшылығы бізді ерекше құрметпен қарсы алуда. Мен өзімді бақытты сезінемін. Түсірілім жұмыстарына біраз уақыт жұмсалды. Түрлі қиындықтарды бастан кештік. Бұл күн өмірімнің жарқын сәттерінің бірі. Ыстық ықыластарыңыз бен құрмет-қошеметтеріңізге ризашылығым шексіз, – дей келе Сергей Дворцевой Самалдың ата-анасына алғыс айтты.

Фильмнің тұсаукесеріне жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Тіпті, кинотеатрда ине шаншар орын болмады. “Оскар”-дың шорт-тізіміне енген “Айка” фильмінде Қырғызстаннан Мәскеуге келіп, заңсыз жұмыс істеген қыздың хикаясы баяндалады. Картинадағы Айканың күйзеліске толы ғұмыры көрерменге түрлі ой салды. Шынайы өмірде осындай тағдырлар аз емес.

Фильмнің басты кейіпкерін ақтап немесе жазғыра алмаймыз. Өйткені, өмірде теперіш көрген ол кімнен көмек сұрап, қайдан пана табарын білмейді. Ал тастанды тағдырға айналған сәбидің не жазығы бар? Қандай жағдай болса да, ана мен бала ажырамауы тиіс. Сәбиін тастап кетуге мәжбүр болған Айканың басынан кешкен тағдыры – қоғамның шындығы. Оны кино арқылы көрерменге жеткізуге тырысқан Сергей Дворцевой мен алты жыл бойы фильмді түсіруге жұмылған ұжымның табанды еңбегін атап өтпеуге болмас. Тұрлаусыз өмірден жүдеген әйел бейнесін сәтті сомдаған Самалдың шеберлігі көрерменді тәнті етті.

Фильмде өзекке тығылған өксік, қуаныш пен қайғы, күйініш пен сүйініш шынайы бейнеленген. Көрсетілім барысында Самал Есләмова әрқашан тілеуін тілеп, қолдау білдіретін жерлестеріне алғысын жеткізді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp