«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕТ ЭКСПОРТЫ МАРДЫМСЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте өңір басшысының бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың қатысуымен ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларының кеңейтiлген алқа мәжілісі өтті. Онда былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, үстіміздегі жылға белгіленген міндеттер талқыланды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов 2018 жылы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Былтыр салаға 82,9 млрд. теңгенің инвестициясы тартылып, бұл көрсеткіш бойынша облысымыз ел көлемінде бірінші орынға шыққан.

– Мемлекеттік қолдаудың және диқандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі өсті. Қамбаға 5,2 млн. тонна бидай құйылып, гектар берекелігі 18,7 центнерден айналды. Былтыр картоп алқаптары 37,4 мың гектарға дейін ұлғайтылған болатын. Картоп өнімінің мөлшері 18 пайызға артып, 588 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ, 110 мың тонна көкөніс жиналды. Мол өнім облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, картоп пен көкөніс бағасының негізсіз өсуіне тосқауыл болды, – деді Ерболат Мұратұлы.

Өткен жылы облысымыздың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекеттік бюджеттен 35,5 млрд. теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 41,2 млрд. теңгені құрайтын болады.

Былтыр көктемгі дала жұмыстары қарсаңында 2,1 млн. гектар алқапқа 112,7 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілді. Маңызды жұмысты атқаруда енжарлық танытқан аудандар бар. Белгілі болғандай, Айыртау ауданында жоспарлы жұмыс тек 45 пайызға орындалған. Қалған аудандардың да көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Мағжан Жұмабаев (79 пайыз), Ғабит Мүсірепов атындағы (60 пайыз), Аққайың (67 пайыз) аудандары көш соңында келеді.

Ауыл шаруашылығы үшін техника паркін жаңартып тұрудың да маңызы зор. Жергілікті тауар өндірушілер “ҚазАгро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ-ы арқылы 29,2 млрд. теңгенің несиесін ресімдеп, 1560 техника сатып алған. Агроқұрылым басшылары биыл тағы 1600 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды жоспарлап отыр.

Мал шаруашылығы саласы өңірімізде қарқынды дамып келеді. 2018 жылы мал басы – 12,5 пайызға, ал ет өнімі – 2,1, сүт – 1,6, жұмыртқа 16,3 пайызға артты. Алайда, ет экспортының көрсеткіші төмен. Басқарма басшысы былтыр облыс бойынша ет экспорты тек 33,6 пайызға орындалғанын айтты. Атап айтқанда, 504,4 тонна ет шекара асса, бұл жұмыстар Тимирязев (0,8 тонна), Айыртау (1 тонна), Шал ақын (3,01 тонна) аудандарында сылбыр жүргізілген.

Бұдан кейін сөз алған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Алтынбек Абдуллаев облыстың эпизоотиялық ахуалы бойынша есеп берді. Ветеринария мамандары жоспарлы диагностикалық және алдын алу шараларын, жануарларды сәйкестендіру жұмыстарын жүргізген. Жануарлар мен олардан алынатын өнімдер тексерілді. Облыста індетке қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес 499,3 мың қара мал, 400 мың ұсақ мал, 96 мың жылқы, 82 мың шошқа тексерілген. Мониторингтің нәтижесінде 1483 бас малдың бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды.

Алтынбек Тағайбекұлы атап өткендей, былтыр ветеринар мамандар 2710 рет тексеру жүргізіп, 1130 құқық бұзушылықты анықтаған. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған 270 азамат 6,1 млн. теңге айыппұл төледі.

Петропавл қаласы мен аудандардағы ветеринария станцияларының өкілдері 2018 жылы ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру бойынша 313544 және ветеринарлық анықтама беру бойынша 30748 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Айыртау, Есіл, Жамбыл, Мамлют және Тимирязев аудандарындағы ветеринария бөлімдерінің мамандары өз жұмыстарын қажетті деңгейде атқармайтыны айтылды. Мәселен, облыс орталығында жоғарыда аталған аудандардан ауру малдың етін саудалаған 57 заңды тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазіргі уақытта 106 бордақылау алаңы бар. Дегенмен, олардың басым бөлігі ветеринарлық және санитарлық талаптарға сай емес. Жиында бұл қосындарда сойылатын малды тексеретін маман тапшылығы мәселесі де көтерілді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ет экспортын, ветеринария саласындағы маман тапшылығын, бордақылау алаңдарының бүгінгі жағдайын шешуді жауапты басшылар мен аудан әкімдеріне қатаң тапсырып, жұмысты ширату қажеттігін айтты.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp