«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ТОЛҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақындық – екінің бірінің бойына дари бермейтін өнер. Өңірімізде Мағжанның ізін қуып, сыршылдығымен, суырып салмалық қабілетімен танылып келе жатқан жастардың да бар екенін көріп, көңіліміз қуанады. Солардың бірі – Айыртау ауданындағы Дәуқара ауылының жас тұрғыны, өлең жазуға талпынып жүрген Заманбек Әлібеков.

Талапты жеткіншек Дәуқара орта мектебінің 11-сыныбында оқиды. Айтуынша, бойындағы өнерін 11 жасында байқаған. Бала кезінде әртүрлі тақырыптарға өлең және шығармалар жазуға жаны құмар болған. Оның тәлімгері – Дәуқара орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қасым Нұрғалиев. Өлеңдері жергілікті баспасөз беттері арқылы көпшілікке танымал азамат жас өренді ақындыққа баулып, айтыстың қырсырына үйретуде.

Қалам мен қағазды жанына серік еткен Заманбектің тырнақалды туындылары байқауларда жақсы бағасын алып жүр. Былтыр жас ақын облыстық Мағжан оқуларында топ жарды. Республикалық сайыста өнерімен көзге түсіп, 1-ші орынды иеленді. 2017 жылы Семей қаласында өткен республикалық “Ақберен” сайысында жүлдегер атанды. Кейін облыстық Абай оқуларында “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” аталымында 1-ші орынға, республикалық кезеңінде ынталандыру сыйлығына ие болды. Жас қаламгер бұдан басқа көптеген аудандық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері атанып үлгерді. Туындылары “Өлең ­– өмірімнің өзегі” атты жинаққа топтастырылған. Ол Ерлан Жүніс, Ақберен Елгезек, Тоқтарәлі Таңжарық, Жандарбек Жұман секілді ақындардың өлеңдерін сүйіп оқиды.

“Жігітке жеті өнер де аз” демекші, ол күрескенді алып жығар балуандығымен де танылуда. Жақында қазақша күрестен облыстық деңгейде бақ сынап, жүлделі 2-ші орынды еншіледі.

Әрқашан ізденіс үстінде жүретін Заманбектің тәлімгері Қасым Нұрғалиев ақынжанды өреннің алдағы уақытта талай шыңды бағындыратынына нық сенеді.

– Заманбек өлеңге деген қызығушылығын бастауыш сыныптарда-ақ байқата бастады. Алғаш рет ана жайлы өлең жазғаны әлі есімде. Болашақта жаңа толқын ақындарының қатарына қосылатынын бізге өз талабымен, ізденісімен, мақсатымен байқатып келеді. Шәкіртім біздің үкілі үмітімізді ақтайды деп ойлаймын, – дейді ол.

Көңіл толқынын, жүрек тебіренісін, елдегі орын алған құбылыстарды жырына арқау еткен кешегі ақындар – бүгінгі күні сөз өнерінің алтын тәжін киген тұлғалар. Жас толқын өкілдері де олардың қатарынан орын алса, қандай ғанибет. Оқырманға Заманбектің бір өлеңін ұсынып отырмыз.

Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústik Qazaqstan”.

Қараша суығы

Ниетпен шықпаған тілекті,

Қуратып кетті.

Қараша қаршадай жүректі,

Жылатып кетті.

 

Ойларым ойымнан шыға алмай,

Тығыла берді.

Сағымнан іздеймін ұға алмай,

Кінəлілерді.

 

Түскенде көлеңке жарығы

Төзім жеңілді.

Қараша суығы қарыды,

Сезімдерімді.

 

Тірімен өлідей қоштастық,

Қара күзбенен.

Жаңа бір күй кешу бастастық,

Қара қызбенен.

 

Артық па сыйғызсам жүзіңе?

Ғарыш ғаламды.

Қараған көзіңді сүзіле

Алшы,қараңғы.

 

Бақыттың шыңына жеткенде,

Қарасаң қос жол.

Қалуың мұң екен өткенде,

Қараша қош бол!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp