«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА ӨМІРІНЕ НЕМҚҰРАЙДЫ ҚАРАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың мемлекеттік қызметшілері екі жасар бүлдіршіннің мүддесін қорғау үшін тиісті шара қабылдамай, қорғаншылық және қамқоршылық ережесін бұзғаны үшін облыстық әдеп кеңесіне шақырылды.

Төрт бала тәрбиелеп отырған Лиана Канипованың шаңырағы 2016 жылы қолайсыз отбасы ретінде есепке алынған. Былтырғы наурызда тәртіп сақшылары отбасының екі жасар баласы Артемді аудандық ауруханаға апарған. Алайда, бүлдіршінді ешкім алып кетпегендіктен, 71 күн ауруханада жатқан. Бұл кезде Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық білім бөлімі баланың ата-анасын заңды құқығынан айырумен айналысқан.

– Біз Лиана Канипованы жауапкершілікке тарту бойынша аудандық ішкі істер бөліміне хат жолдадық. Олар осыған дейін әкімшілік іс қаралғанын айтып, хатты сотқа жіберіпті. Ал сот заңға сәйкес Лиана Канипованы жауапкершілікке тартудан бас тартты. Өйткені, ол наркологиялық диспансерде есепте тұрған жоқ, – деді Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Эльмира Қарабаева.

Лиана Канипова баласын үйіне алып кетпек болып, 6 тамызда қамқоршылық органына өтініш білдірген. Алайда, бұл уақытта бала уақытша тәрбиелеу үшін патронаттық отбасыға берілген екен. Патронаттық отбасы Тимирязев ауданында тұратындықтан, бұл мәселеге аталмыш ауданның білім бөлімі жауапты. Алайда, баланың өміріне немқұрайды қараған мемлекеттік қызметшілер жұмыс тәртібін бұзған. Патронаттық отбасы баланы асырап алуға қажетті құжаттарды да толық жинамаған екен.

Олар баланы алғаннан кейін Түркістан облысына көшіп кетіпті. Балғынды өз отбасына қайтару қажеттігі белгілі болғаннан кейін де білім бөлімі әрекет етуге асықпаған. Лиана Канипова баласын іздеп зыр жүгірмегенде бұл былықтары әшкере болмас па еді? Лиана Канипова республикалық газеттің журналисіне жүгінуге мәжбүр болған. Патронаттық отбасыға баланы қайтару жөніндегі талап-арыз да газетте мақала жарық көргеннен кейін ғана берілген. Артем өзінің отбасына тек ақпан айында ғана қайтып оралды.

Тимирязев аудандық білім бөлімінің басшысы Армат Күзеубаев кеңесте өзінің әрекетін ақтауға тырысып бақты. Тіпті, қарамағындағы қызметшілер мен адвокатын да шақырған екен. “Тексерушілердің заң актілерін дұрыс білмейтінін атап өткім келеді. Актілермен келіспеймін. Ондағы тоғыз қағазда 11 қате жіберілген. Қандай тексеруші қате жазады?” – деп наразылық танытты ол.

Бір жарым сағатқа созылған талқылаудан кейін кеңес мүшелері бұл істе тәртіп бұзушылық бар деп есептеп, Эльмира Қарабаеваға – қатаң сөгіс, Армат Күзеубаевқа қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту беруді ұсынды. Мемлекеттік қызметшілер бұл шешім бойынша сотқа шағымданбақ.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Төлеген Қабдөшев пен Айыртау аудандық мемлекеттік кірістер бөлімі басшысының орынбасары Илдар Алькенов салықтық емес және негізгі капиталдан түскен қаржыны уақтылы төлемеген серіктестікті әкімшілік жауапкершілікке тартпады деп айыпталған.

– 2018 жылғы 28 маусымда серіктестікті әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыру туралы ұсыныс енгізілген. Ал 3 шілде күні облыстық мемлекеттік кірістер департаменті бұл ұсынысты Айыртау ауданына жолдаған. Одан кейін бізге бұл істі қарау тамыз айына жоспарланғанын айтқан еді. Бірақ қыркүйек айында мерзімнің өтіп кеткеніне байланысты жауапкершілігі шектеулі серіктестікті әкімшілік жауапқа тартпағаны жайлы хабарлады, – деді облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының прокуроры Самат Темірбаев.

Мемлекеттік қызметшілер кінәсін мойындамай отыр. Заңға сәйкес ұсыныс бірнеше ай өткеннен кейін емес, заң бұзушылық анықталған кезде бірден жіберілуі тиіс екен. Кеңес мүшелері Төлеген Қабдөшевке қатысты тәртіптік істі тоқтатып, Илдар Алькеновке қатаң сөгіс жариялау туралы ұсыныс жасайтын болып шешті.

Осыдан кейін Мамлют аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Әмір Бектеміровке қатысты тәртіптік іс қаралды. Мемлекеттік қызметші кәсіпкерлікпен айналысты деген күдікке іліккен.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жүргізген қызметтік тексеріс барысында шенеуніктің зайыбы Марина Бектеміроваға тиесілі шаруа қожалығы бар екені анықталды. Департамент мамандары қожалық қызметкерлерінен оның жұмысын Әмір Бектеміровтің жүргізіп-жүргізбейтінін сұраған. Бір комбайншы шенеуніктің шаруашылыққа жанармай әкеліп, екі рет оны алқаптан алып кеткенін айтыпты.

– Марина шаруа қожалығын әкесінің көмегімен 1998 жылы ашқан болатын. Мен ол кезде де мемлекеттік қызметші едім. Әйелім жұмыс істемегендіктен, азын-аулақ табыс тапқысы келді. Қожалықты өз атына ресімдеді. Қазір онда бірде-бір техника жоқ, Марина басқа қожалықтармен келісіп, техникаларын жалға алады. Мен жиырма жылдан бері мемлекеттік қызметте жүргендіктен, кәсіпкерлікпен айналысуға болмайтынын білемін, – деді Әмір Бектеміров.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші әйелінің шаруа қожалығын басқаға тапсыруға да дайын екенін айтты. “Материалдарды тексеру барысында Бектеміровтің кәсіпкерлік қызметпен айналысқанын растайтын фактілер жеткіліксіз болды. Дегенмен, біз осы мәселені әдеп кеңесінде қарауға міндетті едік”, – деді әдеп кеңесінің төрайымы Елена Степаненко. Кеңес мүшелері Әмір Бектеміровке қатысты тәртіптік істі тоқтатуға шешім қабылдады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp