«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРА ЖАЗЫЛҒАН ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соғыстың адам баласына әкелер зардабы мен қасіреті шексіз екенін біз, ауған соғысының ардагерлері, жақсы түсінеміз. Он жылға созылған сұрапыл соғыстың жүрекке салған жарасы әлі күнге дейін жазылған жоқ. Өмір мен өлім арпалысқан сәтте бізді отбасымызға деген махаббат, досқа деген адалдық от пен оқтың ортасынан аман алып шықты деп ойлаймын. Жанымда жолдастарым болмағанда мен де шатқалдардың бірінде қалар ма едім?! Бейбіт күнде өмір сүрдік, бірақ Отан алдындағы қасиетті борышымызды сұрапыл соғыстың бел ортасында өтейтінімізді білмедік. Мен Есіл ауданының тумалары Жаңбырбай Сағынаев, Думан Әбішев пен Талғат Күдербеков деген азаматтармен бірге Ауғанстан елінде әскери борышымды өтедім. 1981 жылдың қазан айында Өскемен қаласында екі жарым ай әскери даярлықтан өткеннен кейін ұшақпен Ауғанстанның Шинданд қаласына жеттік.

Төртеуіміз де 24-ші танк полкына түстік. Біз әскери “ЗИЛ-131” автокөлігін тізгіндеп, материалдық қамтамасыз ету ротасының қатарында шекара бекеттеріне жанар-жағармай және артиллерия снарядтарын жеткізумен айналыстық. Ал Талғат радиобайланысшы болды. Сол соғыста қазақ жігіттері де, басқа этнос өкілдері де көп болды. Төбемізден оқ жауып, бірге барған достардың қаза болғанын көзбен көрдік. Талай түнді ұйқысыз өткізіп, қару жастанып жатқан күндеріміз аз болмады. Үйде қалған ата-ана, іні-қарындасымызға аман-есен ораламыз ба, жоқ па деп жанымызды шүберекке түйіп жүрдік. Қай жерде оққа ұшамыз деген қорқыныш бойымызды биледі. Ауған соғысының сарбаздары Отан алдындағы борышын адал өтеп, қабылдаған антына берік болуды ғана мақсат тұтты.

Азық-түлік тауарлары, әскери бөлімдерге қажетті қару-жарақ тиелген автоколонналар Ауғанстанның түкпір-түкпіріндегі кеңес әскерлерінің бөлімдеріне қатынап тұрды. Оларды жаудан қорғау мақсатында екі-үш тікұшақ, бірнеше “БТР” бірге баратын. Кеңес әскерлері елді мекендер мен жолдарды бақылауда ұстағанмен, таулы жерлерде күш көрсете алмайтын. Таулы аймақтарда үнемі шабуылға тап болатынбыз. Партизандық соғысты жақсы меңгерген олар бірінші кезекте жанар-жағармай таситын көліктерді жоюға тырысатын.

Бірде Шинданд – Диларам бағытына жолға шықтық. Бірнеше шақырымға созылған автокеруен көліктерінің бірінде мен, жерлесім Талғат Күдербеков және тағы екі сарбаз отырмыз. Жолда өзен жағасына тоқтап, машинаның суы қайнаған радиаторын суытып, енді қозғала бергенімізде жау тұтқиылдан оқ жаудырды. Алдыңғы көліктер тұрып қалды. Көлік кабинасына бірнеше оқ атылды. Машинадан сыртқа ұмтылып, дөңгелектің тасасына тығылдық. Құдай сақтағанда ешқайсымыз да жараланған жоқпыз. Ізінше бірнеше оқ келіп кабинаға, жанымдағы тастарға тигенін көрдім. Аяқ астынан басталып кеткен атыс ес жиюға мүмкіндік бермеді.

Сол кезде қарша бораған жау оғынан артиллерия снарядтары тиелген машинаның жүргізушісі Геннадий Баранов есімді жігіттің жарақат алғанын байқадым. Көп ойланбастан еңбектеп барып, сарбазды қауіпсіздеу жерге жеткіздік. Аққан қанды тоқтатып, қолдан келген көмегімізді жасадық. Жауға тойтарыс беріп, өлім аузынан аман қалдық. Осылайша, оқ пен оттың ортасында жан сауғаладық. Мұны еске алудың өзі қиын.

Бір өкініштісі, бұл соғыстың әділетсіз тұстары көп болды. Көптеген қазақ жігіттері лайықты марапатқа ие бола алған жоқ. Өзге этнос өкілдері кеуделеріне таққан орден, медаль отандастарымызға бұйырмады. Автоколонналарды күзету, блокпостар мен заставаларда кезекшілік атқару, тауда жасырынған жаудың көзін жоюға арналған әскери операциялардағы қазақ жігіттерінің ерліктері ескерусіз қалды.

Соғысқа үйрену қандай қиын болса, Ауғанстаннан келгеннен кейін бейбіт өмірге сіңісу де жеңіл тимеді. Қаншама жолдастарымыз жүрек-қан тамырлары ауруларынан, контузиядан өмірден ерте өтті. Олар соғыста көрген қиыншылықтарды ұмыта алмады, жүрек жарасы жазылмай кетті. Өкінішке қарай, Жаңбырбай мен Думан досымыз қазір ортамызда жоқ. Өмірлерінің қамшының сабындай қысқа болуына осы сұрапыл соғысты кінәлаймын.

Асхат ҚОСПАНОВ, ауған соғысының ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp