«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРИЯЛАНБАҒАН СОҒЫС ЗАРДАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен толықтай шығарылғанына биыл 30 жыл толады. 1989 жылдың 15 ақпанында жиналған адамдар Әмудария өзеніндегі көпірдің үстінде Ауғанстаннан қайтқан қырқыншы кеңес армиясының жауынгер­лерін салтанатпен қарсы алды. Кеңес әскерлерінің жекелеген бөлімшелері 1988 жылдың 15 мамырынан бастап Ауғанстан аумағынан шыға бастаған еді. КСРО тоғыз айдың ішінде әскерлерін бұл елден шығаруға міндеттеме алған болатын. Бұл өте күрделі операция еді.

Кеңес армиясының соңғы бөлімі 4 ақпан күні Кабулдан шықты, ал 15 ақпанда қырқыншы армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Борис Громов Термез қаласында «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты, артымда бірде-бір жауынгер қалған жоқ» деп басшылық­қа баяндады. Алайда, өзеннің арғы жағында қалған шекарашылар тағы үш ай бойы Ауғанстанда жауынгерлік тап­сыр­­маларды орындаған болатын.

Ауғанстан соғысы – Кеңес одағы тұсын­дағы тарихтың ең қайғылы бет­те­рі­нің бірі. Он жылға жуық бөтен ел­дің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шек­теулі контингент әскерлері құра­мында Қазақстаннан 22 269 жауын­гер интерна­цио­нал­дық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты. Соғыс жылдары қазақстандық 21 жауынгер хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген Ауғанстан соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Сондықтан жыл сайын бұл күні соғыс­та қаза болған қаруластар қабіріне барып тағзым етіп, еске аламыз, сүйегі шетелде қалғандарға бағыштап Құран оқылады. Республика бойынша ауған соғысы ардагерлерінің ондаған ұйымы болған еді. Осы шашырап жүрген бағыттары, мақсаттары бір ұйымдарды біріктіріп, бір тудың астына жинау үшін 2005 жылдың шілдесінде Ауғанстан соғысы ардагерлері өз құрылтайын өткізді. Бұл жиынға Қазақстанның 14 облысынан 19 ауғандық ұйым өкілі қатысты. Осы құрыл­тайда «Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының қауымдастығы» құрылып, барлық ұйымдар қауымдас­тық­қа бірігуі керек деп бірауызды шешімге келген болатын. Қазіргі кезде республика бойынша отыздан астам ұйым осы қауымдастыққа кіреді.

Ауғанстан соғысы (1979-1989 жыл­дар) кеңес үкіметінің қарулы күш­тері, соның ішінде қазақстан­дық жауынгерлер үшін КОКП ОК Саяси бюросының санаулы ғана мүшелері­нің аяқастынан құпия түрде қабылдаған шұғыл шешімінен басталды. Сол кезде Ауғанстанда билікке таласқан ресми үкімет пен оппозиция арасында қарулы қақты­ғыс­тар жүріп жатқан еді. Күрестің басты мақсаты Ауғанстан жерінде толықтай саяси бақылау жүргізу болды. Саяси бюроның мүшелері КСРО-ның ықпа­лын кеңейту мақсатында Ауғанстанға қол үшін беріп, сыртқы агрессиядан қорғау керек деген шешімге келеді. Сөйтіп, ауған елін басқарып отырған Хафизулла Амин шахты алып тастап, орнына Бабрак Кармальді отырғызу туралы идеясын күш көрсету арқылы жүзеге асыр­ды. Осылайша, Кеңес одағының әс­керлері ұзақ жылдарға жалғасқан қару­лы қақтығыстардың бел ортасынан бір-ақ шықты. Соғыстың тағы бір себебі – Ауғанстандағы социализм концепция­сын жақтаушыларды қолдау болды.

Америкалық әскери-эконо­микалық күштер Ауғанстанды КСРО ықпалынан шығарып алуға күш салды. Можахедтерге АҚШ, НАТО-ға мүше Еуропа елдерінің кейбіреулері, Пәкістан, Қытай, Мысыр, Иран мемлекеттерінің әскери мамандары, арнайы қызметтері көп көмек көрсетті. Кабулға қолдау көрсету КСРО бюджетіне оңай түскен жоқ. Қырқыншы армияны Ауғанстанда ұстау үшін және тактикалық ұрыстарға Мәскеу жыл сайын 3 миллиард доллар­ бөліп отырды. Ауғанстанға әскер енгізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында, КОКП ОК Саяси бюросының отыры­сын­да түбегейлі қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілген екен. Бұдан бес ай бұрын 105-ші әуе десанты дивизиясының 111-ші парашютті десант полкі Баграм қаласына барып жайғасқан болатын. Бұл кеңес әскерінің Ауғанстанға кірген алғашқы бөлімі еді.

12 желтоқсан күні Қазақ­стан мен Орта Азия республикала­рын­да жасақталған «мұсылман батальо­ны», артынша екі күннен кейін Баграмға тағы бір батальон кірді. Осы үш батальон­ның көмегімен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жекелеген кішігірім отрядтары «Шторм» операциясына кірісетін болып жоспарланды. Осылайша, 27 желтоқсан күні Аминнің сарайына шабуыл жасалды. Бірнеше қала можахед­тер­ден тазартылды. Жаңа билік ауған жерінің барлығына үстемдігін жүргізе алған жоқ. Соғыстың ұзаққа созылуына бір жағынан осы себеп болды. Бұл соғыстың абырой әпермейтінін кеңес үкіметінің басшылары арада 3-4 жыл өткеннен кейін ғана түсіне бастады. Бірақ «болары болып, бояуы сіңгеннен кейін» түсінді.

1983 жылдың 19 мамы­­рында Пәкістандағы елші Владимир Смирнов КСРО-ның Ауғанстандағы әскер­лер контингентін алып шығуға мүдделі екендігін ресми түрде жариялады. Саяси бюро осылайша, “батпаққа белшеден батып алып, енді былғанбай шығудың” жолдарын іздестіре бастады.

1986 жылдың ақпанында болған КОКП XXVII съезінде Бас хатшы Михаил Горбачев әскерді ауған жерінен шығару жоспарын жасау керектігін мәлімдеді. 13 қара­ша­дағы Саяси бюроның отыры­сын­да ол: «Біздің Ауғанстанда соғы­сып жатқанымызға алты жыл болды. Егер бұл іске басқаша келмесек, әлі 20-30 жыл соғысатын боламыз» деп мәселені төтесінен қойды. Оның сөзін Бас штабтың бастығы, Кеңес одағының маршалы Сергей Ахромеев те қолдады: «Біз Кабулды, прови­нциалдық орталықтарды бақылау­ға алдық, бірақ басып алған жерлерімізге билік орната алмадық. Біз ауған халқы үшін күресте жеңіліс таптық» деп ағынан жарылды. Сөйтіп, осы отырыста Ауған­стан­дағы барлық әскерді екі жылдың ішінде алып шығу туралы келісілді. Ауған соғысы аяқталған жылы «Прав­да» газетінде соғыстағы адам шығыны­ның жалпы саны жарияланды. Онда қаза тапқандар 13 833 адам деп көрсетілген. Кеңес одағының ауған соғы­сынан көрген зияны осындай қасіретті болды. Кеңес әскерін шығарғаннан кейін Ауғанстандағы Нәжибулла режімі тағы үш жылдай тұрды. 1991 жылы оның қолдаушысы КСРО ыдырап, жеке-жеке мемлекеттерге бөлініп кетті. Экономи­ка­сы тұралаған Ресей оған ешқандай көмек бере алмады. Сөйтіп, 1992 жылы сәуір­де можахедтердің дала командирлері коалициясы Нәжибулла билігін құлатты.

Мен бұл мақаламда Ауғанстан аумағында жүргізілген жарияланбаған соғыстағы қазақстандықтардың ерлік істерінің кейбір тұстарына тоқтала кеткенді жөн көрдім. Ауғанстан елінің басым бөлігі таулы-тасты жер болып табылады. Мұндай жағдайда ұрыс қимылдарын жүргізу ерекше дайындықты қажет ететіні сөзсіз. Кеңес одағының маршалы Иван Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскерлік командалық училищесінде таулы жерде әскери іс-қимылдар жасайтын офицерлер даярлау ісі соғыстың алғашқы жылында бірден қолға алынды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары училищені үздік тамамдаған офицерлер Ауғанстанда әскери борышын өтеуге жіберіле бастады. Олар өз кезегінде кеңес әскерлерінің шектеулі контингентіндегі жауынгерлерді таулы-тасты жерлерде ұрыс өнеріне үйретті. Ауған соғысына қатысқан Алматыдағы әскери училищенің екі жүзден астам түлегі ордендермен және медальдармен марапатталды. Ал аға лейтенант Н.Акрамовқа, капитан С.Гущинге, лейтенант А.Шахворостовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов та ауған жерінде болған шайқастар кезінде ерліктерімен көзге түскен.

Иә, он жылға жалғасқан жарияланбаған соғыс барысында қаншама жастың өмірі қыршынынан қиылды, туған еліне мүгедек болып оралғандары қаншама? Қаншама отбасы қайғыдан қан жұтып, біреулері ұлдарынан, басқалары туысқандарынан айырылды. Арамызда осы күнге дейін сол соғыстың зардабын тартып жүрген азаматтар баршылық. Ауғанстандағы соғыс ардагерлері ұйымдарының қауымдастығы (төрағасы сол соғыстың ардагері Бақытбек Смағұл) мен оның өңірлердегі құрылымдық бөлімшелері жастар арасында әскери-патриоттық жұмысты одан әрі жандандыруға қоғамның күшін біріктіру, интернационалист-жауынгерлерге, мүгедектерге, соғыста және одан кейін жарақатынан қайтыс болған офицерлер мен жауынгерлердің аналарына, жесірлеріне әлеуметтік көмек көрсету, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары көптеген шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар Ауғанстанда соғысты аяқтауға бұл елде кеңес әскерінің болуы кедергі келтіруде деп жаппай жар салып еді. Алайда, кеңес әскерінің шектеулі контингенті Ауғанстан аумағын тастап шыққаннан бері отыз жыл өтсе де, бұл елдегі жағдай өзгерген жоқ. Ауған еліндегі әскери-саяси жағдай әлі де шиеленіскен күйде қалып отыр. Бұл елде өзінің өктемдігін нығайтуға ұмтылған және жаңа аумақтарға ықпалын күшейтуге күш салып жүрген қарулы топтардың әскери және лаңкестік әрекеттері толастаған жоқ.

Мемлекет басшысының жүргізіп отырған бейбітшілік саясаты біздің елдің Ауғанстанда тұрақтылықты сақтауға, лаңкестік, экстремизм, есірткі трафигі сияқты қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп күрес жүргізуге бағытталған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Парламент Мәжілісінің депутаттары екі ел арасындағы парламентаралық байланысты дамыту мақсатымен Ауғанстанға жұмыс сапарымен барып келді. Бұл сапар нәтижесінде ауған жастарының Қазақстанда білім алуы, осы елге техникалық және гуманитарлық көмек көрсету мәселелері талқыланды. Делегация мүшесі ретінде бұл бағытта бүгіндері бірқатар жұмыстардың жоспарлы жүргізіліп жатқанына куә болып жүрмін.

Абай ТАСБОЛАТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, әскери ғылымдар академиясының президенті, генерал-лейтенант.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp