«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАТ ӘДЕТКЕ НЕГЕ ЖАҚЫН?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқында ежелден келе жатқан дәстүрлердің бірі – бастаңғы. Яғни, ауылдың бозбалалары мен бойжеткендері бір үйге жиналып, дастарқан жайып, қызықты отырыс ұйымдастыратын. Ең бастысы, бұл жиынның тәрбиелік мәні зор болған. Бастаңғы дәстүрі үлкендердің бақылауымен өткен. Ал қазіргі уақытта бұл дәстүрді жат әдетпен шатастырып жүргендер бар. Мысалы, қыз ұзатылардың алдында құрбылары оған тосын сый жасап, мейрамханада немесе түнгі клубта “қызойнақ” ұйымдастырады. Біреулер бұл қажет десе, келесілері халқымызға жат деген пікір айтады. Оқырман назарына екі бойжеткеннің бір-біріне кереғар пікірін ұсынамыз.

Альфия Рахымберлина: Ұзаты­лар алдында әрбір қыздың құрбыларымен бас қосып, сырласқысы келеді. Алайда, мұның шешімі “қызойнақ” емес. Ал бұл бассыздықты бастаңғымен салыстыруға мүлдем болмайды. Өйткені, соңғы кездері “қызойнақты” мейрамханада, караокеде, тіпті, түнгі клубтарда өткізу әдетке айналған. Түнгі клубта сырласқанды қайдан көрдіңіз? Мұны, бір жағынан, дарақылыққа, ысырапшылдыққа жатқызар едім. Себебі, үйлену тойының қарсаңында “қызойнақтан” басқа тәлімді дәстүрлер мен жиындар өткізілгенін құптаймын.

Дарижан Мырзахметова: Мен сіздің сөзіңізбен келіспеймін. Өйткені, әр қыз ұзатылар алдындағы күндерінің ұмытылмастай өткенін қалайды. Бұл ретте ысырапшылдық жайлы сөз қозғау, меніңше, орынсыз. Бойжеткен тұрмысқа шыққаннан кейін отбасының ұйытқысы болып, жұбайының жағдайын жасап, үйде отырады. Сондықтан той алдында құрбыларымен кездесіп, көңіл көтергенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.

Альфия Рахымберлина: “Қызға қырық үйден тыйым” деген аталы сөз бар. Жігіттермен жарысудың арты жақсылыққа апара қоймас. Есіңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын танымал тележүргізуші, актриса Аша Матайдың “қызойнақ” кеші үнді стилінде өтіп, қалыңдықтың өзі де үндіше би билеген еді. Кешті полиция қызметкерлерінің киімін киіп, түрлі мультфильм мен ертегі кейіпкерлерінің стилінде өткізетіндер де кездеседі. Мұның халқымызға жат екенін осыдан-ақ байқауға болады емес пе?! “Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді” демекші, танымал жұлдыздарға еліктеген қарапайым қыздар да мұны қайталауға тырысып, шығынға батып жатады.

Дарижан Мырзахметова: “Көрпеңе қарай көсіл” деген де бар халқымызда. Сондықтан аспанға шарықтамай, өзіңіз айтып өткендей, “қызойнақты” үйде, тыныш жерде, шынымен сырласу ниетімен өткізетіндер де бар. Барлығына бірдей топырақ шашқан жөн болмас. Жақында біз де бір құрбымызға осындай кеш ұйымдастырдық. Жаңа өмірге қадам басқалы отырған болашақ келінге қолдауымызды көрсетіп, арамыздағы тұрмыс құрғандар ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Пайдалы тұстарын да ұмытпауымыз керек.

Альфия Рахымберлина: Тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Досымбек Қатранның бір сөзі есіме түсіп отыр. “Батыстан келген дүниеге еліктейміз. Не керегі бар?! Өзіміздің қазақи дәстүрлерден айырылуға бір қадам қалғанда, басқа дүниелерге бас қатырмай, өз салт-дәстүрімізді сақтап қалуымыз қажет. Қыз үшін үлкен той – ол ұзату тойы. Неке сол кезде қиылады. Кейін беташар деген тамаша дәстүріміз бар ғой”, – деген этнограф “қызойнақтың” қазақ халқы үшін мүлдем жат екенін айтып, мұндай кештерді өткізуге қарсылығын білдірді.

Дарижан Мырзахметова: Әрине, қазақы салт-дәстүрлерімізді берік ұстанатын үлкендеріміз мұны құптамайды.

Альфия Рахымберлина: Өткен жылы Қызылорда қаласы тұрғынының басынан өткен жағымсыз оқиғаны ғаламтордан оқыған едім. 28 жастағы азамат тойға бір апта қалғанда үйленуден бас тартыпты. Неге дейсіз ғой? Бұған болашақ қалыңдығының “қызойнақта” түсіп, әлеуметтік желі парақшасына жариялаған фотосуреттері себеп болған. Қазір, тіпті, батысқа еліктеп, “қызойнақты” “Hens party” деп атап жүр. Ал “Hens party” немесе “Hens night” ағылшын тілінен аударғанда “тауықтар кеші” дегенді білдіреді. Қазақ қыздарының өздерін тауыққа теңеген мұндай әрекеті барып тұрған бассыздық.

Дайындаған Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp