«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА БЕЛЕСКЕ БАСТАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биылғы жыл “Жастар жылы” болып жарияланды. Барша өрендерді қуантқан бұл бастаманың түпкі мақсаты не? Үстіміздегі жылы жастар үшін қандай шаралар өткізілуі тиіс? Кейінгі толқынның қандай мәселелері бар? Міне, бастаманы жүзеге асыру кезінде ұрандатқан шараларды қойып, осындай сұрақтарды негізге алып жұмыс істеу керек.

“Жастар жылының” ашылуына арналған алқалы жиынды мен де тамашаладым. Кездесуде еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы – жастар екендігі атап айтылды. “Бүгінде Қазақстанда жастарды әлеуметтік-мәдени бейімдеу мәселелерін шешу, жас адамдардың бәсекелік қабілетін дамыту өзекті болып отыр. Жастар жылында біз жас қазақстандықтардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған қарапайым және түсінікті қолдау құралдарын әзірлеуге тиіспіз. Бұл, ең алдымен, қолжетімді және сапалы білім, жұмыстың болуы, баспана және отбасын құру мүмкіндігі”, – деген Елбасы Үкіметке осы бағыттағы шараларды пысықтауды тапсырды.

Бүгіндері жастардың арасында шешімі табылмай жүрген мәселелер аз емес. Оқу ақысының қымбаттығы түлектердің шекара асып, Ресейдің қалаларында білім алуларына түрткі болуда. Бұл мәселеге қарап көп нәрсені аңғаруға болады. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 29 жасқа дейінгі жас­тардың 32 пайызы, яғни әрбір үшінші қазақ баласы шетелге кетуге бейім. Бір өкініштісі, жат жерден жақсылық іздегендердің басым бөлігі 19-23 жас аралығындағы өрендер. Өткен жылы елімізден жеті мыңнан астам жас басқа мемлекеттердің жоғары оқу орындарына аттанған. Мәселен, Қарағанды облысынан – 1061, Қостанай облысынан – 1167, Пав­лодар өңірінен – 838, ал біздің өңірден 828 жас сыртқа кеткен. Демек, бұл бағытта атқарылар іс шаш-етектен.

Бүгінгі жастар – ертеңгі білікті маман, мемлекеттің тірегі. Сол себепті, өрендер парасатты, пайымды болуы керек. “Ақыл – жастан, асыл – тастан” демекші, әрбір жас кітап оқып, ғылым қуып, рухани байығаны абзал. Сонымен қатар заман көшінен қалмай, инновациялық технологияларды меңгеріп, еліміздің ІТ-саласын дамытуға талпынғаны жөн. Өйткені, ұлт болашағы – жаңа заманға бейімделген, жан-жақты дамыған жастар екені сөзсіз.

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында зор жетістіктерге қол жеткізді. Елдің абыройын арттыру ісінен жастар да қалыс қалған жоқ. Аға-апаларымыздың сенімінен шығу үшін жастар белсенді болуы тиіс. “Жастар жылында” жаңа белестерді бағындырайық!

Малика МҰХАМЕТЖАНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp