«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКШЕ ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ТАРТУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жастар сарайында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымдары қызылжарлық өнерсүйер қауымға “Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау” атты концерттік бағдарламасын ұсынды.

Кербез сұлу Көкшетаудың көз тартар көрікті жерлері бейнеленген сахнаға жарқырай шыққан, талай өнер додасында биіктерден көрініп жүрген “Гәкку” би ансамблінің мың бұралған бишілерінің өнері көрермендерді бір серпілтіп тастады. Филармонияның құрамындағы ұжымдарда күміс көмей әншілер де аз емес. Тыңдармандар халықаралық байқаулардың лауреаты Аягөз Қалмағамбетова “Меруерт моншақ”, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмакенова “Әдемі-ау”, “Миц ванд” вокал тобы Көкшетау туралы әндерден попури, Төлеген Аманов “Гәкку”, Алмаз Оразалин “Қайда?” Фархат Сағымбай “Сүгірдің термесі” және тағы басқа да өнерпаздардың орындауындағы ән-күйлерді жылы қабылдады.

Концерттік бағдарлама Фархат Сағымбай бастап, барлық әншілер қосыла тамылжыта шырқаған “Қазақстан” әнімен аяқталды. “Үкілі Ыбырай” атындағы Ақмола облыстық филармониясының шығармашылық ұжымына, Қызылжар жұртшылығына тамаша өнер көрсеткендері үшін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.

Қошан ҚАЛИ, “Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp