«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҢ БАСТАМАЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты міндет – соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппай отыр. Сонымен қатар құқық үстемдігі – біздің реформаларымыздың табысты болуының негізгі факторы”, – деп атап көрсеткен болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында. Демек, қарапайым халықтың сотқа деген сенімін арттыру үшін, ең алдымен, оның жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Сот ісінің тиімділігі, шешімнің әділ қабылдануы, сондай-ақ, жедел және толық орындалуы – бұл саланың бас­ты көрсеткіші. Ал ол үшін сот жүйесіне сандық технологияларды енгізудің маңызы зор.

Бүгіндері сот жүйесіне жұмыстың заманауи форматын және озық электронды қызметті енгізу, біліктілігі жоғары заңгерлерді судья қызметіне тарту, соттарға заңсыз ықпал етудің алдын алу, түсінікті және болжамды сот тәжірибесін қалыптастыру міндеттері қойылған. Осы бағытта облыс соттарында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда аудан орталықтарына бару қиындық туғызатын ауыл тұрғындары үшін “Виртуалды сот” жобасы қолға алынды. Жобаның тиімділігі сол – іс бейнеконференция арқылы қашықтықтан қаралады. Бүгінде облысымыздағы 67 сот залы аудиобейне тіркеу жүйесімен жабдықталған. Сондай-ақ, өткен жылдың шілде айында өңіріміздегі алты түзету мекемесіне бейнебайланыс құрылғысы орнатылды. Аққайың ауданындағы шалғай орналасқан Тоқшын, Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылдық округтерінің әкімдіктерінде “Виртуалды сот” кабинеттері ашылып, олар ақпарат алмасу және оны нақты уақыт режімінде өңдеу үшін екі немесе одан да көп абонентті өзара байланыстыратын қазіргі заманғы технологиямен жабдықталды. Соның нәтижесінде судьялардың іс-әрекетіне қатысты шағымдар азайып, сот қорғауына қолжетімділік жеңілдеді.

Озық технологиялардың қолданылуы судьялар мен сот отырысындағы хатшылардың жұмысын оңтайландыруға, сот отырысының хаттамасындағы ескертулерді азайтуға, сот ісін жүргізу тәртібін жеңілдетуге ықпалын тигізеді. Заманауи электронды қызмет сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігіне бағытталып, қағазбастылықтан арылуға, қоғамның барлық мүшелеріне және бұқаралық ақпарат құралдарына соттардың қызметі туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Сот жүйесінде IT-технологияларды кеңірек қолдануға бағытталған “Smart сот” қанатқақты жобасы да ойдағыдай жүзеге асырылуда. Жоба азаматтарға сот отырысына смартфон, планшет, интернет желісіне қосылатын басқа да құрылғылар арқылы қашықтықтан қатысуға мүмкіндік береді. Бұл белгілі бір себептерге байланысты отырысқа қатыса алмайтын азаматтар үшін тиімді. Өткен жылы облыс соттары “Smart сот” жобасының аясында 1478 істі қарады. Сондай-ақ, есептік кезеңде бейнеконференция байланысы арқылы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен – 1287, жергілікті соттармен – 68 және облыстық туберкулезге қарсы диспансермен 2 сот отырысы өтті. Ал “TrueConf” мобильді қосымшасы, яғни мобильді бейнеконференция байланысы арқылы 36 сот отырысы ұйымдастырылды. Осылайша, судьялардың да жұмысы жеңілдеді. Өйткені, қатысушылар орналасқан жеріне, қаржылық жағдайына қарамастан, сот отырысының барысын бақылап, сұрақ қойып, жауап алып, процессуалдық құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыра алады. Отырысқа қашықтықтан қатысу үшін тиісті өтініш білдіру қажет. Облыстық соттың ресми сайтында отырысқа қашықтықтан қатысуға қажетті мобильді қосымшаны құрылғыға орнату тәсілі жайлы толық ақпарат көрсетілген. Қазіргі таңда бұл жобаны облыс тұрғындарына түсіндіру жұмыстары қолға алынды.

Сот жүйесіндегі жаңашылдықтардың бірі – облыстық ауданаралық экономикалық соттың бастамасымен өткен жылдың қазан айында қолға алынған “Виртуалды ақпараттық орталық” қызметі. Бүгіндері облыстық сотта да қолданылатын қызметтің мақсаты тұрғындарға стационарлық телефон, электронды пошта немесе “Whatsapp” желісі арқылы жедел әрі білікті көмек көрсету болып табылады. Бұл үшін арнайы оқытылған мамандар жұмыс істейді. Азаматтар немесе олардың заңды тұлғалары жұмыс күндері “Whatsapp” желісіне хабарласа алады. Толыққанды жауап алу үшін орталықтың операторы оны аталмыш мәселемен айналысатын маманмен байланыстырады. Бұл қызмет сот отырыстарының хатшылары мен кеңсе мамандарының жұмысын айтарлықтай жеңілдететініне сенім мол.

Облыстық сот пен полиция департаменті бірлесіп әрекет ету жөніндегі меморандумға қол қойып, өткен жылдың екінші жартыжылдығында “Түнгі сот” қанатқақты жобасының аясында әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты 194 істі қарады. Соның 18-інде жол қозғалысы ережесін бұзушыларға көлік құралын жүргізу құқығынан айыру жазасы қолданылса, 176 адамға әкімшілік айыппұл салынды. Ал Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік соты жоба аясында үстіміздегі жылдың қаңтар айында қырық істі қарады, барлығы бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық судьялардың алтыншы съезінде азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін қамтамасыз етуді, сот жүйесін цифрландыруды енгізуді тапсырған болатын. Осыған орай 2014 жылдан бастап еліміздің Жоғарғы сотының ресми парақшасында онлайн қызметтерге және сот органдарының жұмысына қолжетімділікті арттыратын “Сот кабинеті” электрондық жобасы енгізіліп, бүгінде нәтижесін бере бастады. “Сот кабинеті” іске қосылғаннан бері қызметті қолданушылардың қатары көбейіп, жыл сайын жетілдіріліп тұрады.

Сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Өткен жылы апелляциялық инстанциядағы сот бірінші инстанциядағы сот шешімдеріне елеулі өзгерістер енгізуге мәжбүр болды. Биыл жағдай біршама түзелді. Жыл басынан бері шығарылған сот үкімінің 98,3 пайызына ешқандай шағым түскен жоқ .

Елбасы Жолдауында атап көрсетілген азаматтардың сот жүйесіне сенімін арттырып, әділ шешім қабылдап, оны жедел түрде жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Айдар СМАҒҰЛОВ, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp