«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБЫСТЫҢ КӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні ұйымдастырылды. Өзінің жеке бизнесін ашпақ ниеті бар жастардың сұрақтарына облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалы мен “Атамекен” өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері жауап берді.

Кәсіп бастағысы келген жастарға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Әсемгүл Ахметова бүгіндері жас бизнесмендер жылдық алты пайыздық үстемемен несие және мемлекеттен тегін грант та ұтып ала алатынын атап көрсетті. Соңғысы үшін өңірде ешкім әлі жүзеге асырмаған ерекше бизнес-жоспар қажет. Әсіресе, “Жастар жылы” қолдау көп болмақ.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің соңғы курс студенті, болашақ заңгер Әнуар Қошанов кездесуде өңіріміздегі билік және қаржы құрылымдарының өкілдеріне өз идеясын ұсынды.

– Мен бүгін “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалында осындай кездесу болатынын естіген соң арнайы келдім. Әйтпесе, өз мәселемді шешу үшін әртүрлі мекемелер мен банктердің есігін қағуыма тура келер еді. Болашақта Шал ақын ауданындағы тасжол бойында өзімнің дәмханамды ашуды жоспарлап жүрмін. Оған қажетті жер телімін сатып алдық. Бірақ бірқабатты ғимаратты салуға, оған электр желісін өткізуге қаржы тапшы, – деді жас кәсіпкер Әнуар Қошанов. Оның айтуынша, елімізде жол сервисі тиісті деңгейде дамымай отыр. Ал Шал ақын ауданындағы жолдың бойында бірде-бір дүкен немесе дәмхана жоқ.

– Мемлекет тарапынан бөлінетін грант өз бизнесін жаңа ашқан азаматтарға беріледі. Мәселен, бизнес-жоспарын жүзеге асыруға ниеттенген адамның қаржысы бола қоймайды, ал банк кепілзатсыз несие бермейді. Тайынша ауданындағы “Дмитриев” жеке кәсіпкерлігі бөдене өсіруге мемлекет грантын ұтып алды. Ол біздің көмегімізбен өз жобасын іске асырды, содан кейін екінші деңгейдегі банктің филиалынан өндірісін кеңейту үшін несие алды, – дейді Әсемгүл Ахметова.

Мемлекеттік гранттың көмегімен облысымызда бірнеше жеке кәсіпкер қызыл балық, күркетауық пен бөдене өсірумен айналысып жатыр. Соңғы жылдары өңіріміздің жеке кәсіпкерлеріне 24 мемлекеттік грант бөлінген. Алайда, мемлекеттен алған ақшасын мақсатты пайдалануды тиісті құжатпен растай алмаған кәсіпкерлер оны қайтаруға мәжбүр болды. Бүгіндері өңірімізде “Zhas project” жастардың әлеуметтік бағдарламасы шеңберінде де грант алуға болады.

– Облысымызда қазір “Zhas project” бағдарламасы бойынша 69 жоба жүзеге асырылуда, олар 1 млн. теңге мөлшерінде гранттық қаржыландыру алған, – деді “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев.

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының менеджері Нұргүл Болатованың айтуынша, “Бизнес-кеңесші” курсының жас кәсіпкерлерге беретіні әрі үйрететіні мол. Бұл курста білім алғандар кәсіпкерлік саласына қатысты құқықтық-нормативтік актілермен, салық салу жүйесімен танысып, қаржылық институттар жайында деректер алады, теуекелдерді есептеуді үйренеді. Ал өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін бұл курстың сертификаты міндетті болып табылады.

“Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күніне келген жастар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын жолдап, болашақ кәсіпкерлік қызметтеріне бағыт-бағдар алды. Екі тарапқа да пайдалы мұндай кездесулер жүйелі түрде өткізілмек.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp