«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕМІРЖОЛШЫЛАР КӨМЕККЕ КЕЛУГЕ ДАЙЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл сайын вагон тапшылығынан тығырыққа тірелетін солтүстікқазақстандық диқандардың мәселесі шешімін таппақ. Үстіміздегі жылы жергілікті тауар өндірушілер “Қазтеміртранс” акционерлік қоғамымен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында осы мәселеге байланысты жиын өтті. Жүк тасымалдаушылардың қатысуымен “Қазтеміртранс” акционерлік қоғамы диқандарды шығынға батырған мәселені шешуге ниет танытуда.

Жиын барысында аталмыш компания директорының орынбасары Абзал Салықбаев вагондармен қамтылу мәселесі бойынша есеп берді.

– 2018 жылы Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан 40830 вагонға артылған 2 млн. 749 мың тонна бидай тасымалданды. Сондай-ақ, 116700 тонна ұн тасымалдау мақсатында 1896 вагон жалға берілген. Биылғы жылы жұмысымызды жалғастыруды көздеп отырмыз. Жергілікті тауар өндірушілерге қол ұшын беруге дайынбыз. Резервте 14 мыңнан астам вагонымыз бар, – деді Абзал Салықбаев.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында “Қазтеміртранс” АҚ-ы Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары бойынша 700 мың тонна өнім тасымалдаған. Қазіргі уақытта солтүстікқазақстандық тауар өндірушілермен келісімшарттар жасалуда. Дегенмен, акционерлік қоғамның Оңтүстік-Орал темір жол бөлімшесімен ынтымақтаса жұмыс істейтін мүмкіндігі жоқ. Сондықтан өңір кәсіпкерлері делдал-операторлық қызмет көрсететін “Евротрансгрупп” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жұмыс жүргізуге мәжбүр. Бұл өз кезегінде тауар өндірушілердің наразылығын тудыруда.

Жиынға қатысқан “СевЕсильЗерно” ЖШС-нің коммерциялық директоры Таисия Колегова делдалсыз жұмыс жүргізу мәселесін көтерді. “Бізге ешқандай делдал-оператордың қажеті жоқ. Бұл жұмысымызға кесірін тигізеді. Мәселен, бір вагонның құны 771 мың теңгені құраса, астығымыз жүк тиеушіге жеткенше оның бағасы 810 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл жерде ешқандай бәсекелестік болмағаннан кейін делдал-оператордың бағасына көнуге мәжбүрміз”, – дейді ол.

Жиын барысында ескі және істен шыққан вагондар жайлы да айтылды. Бүгінгі таңда ұн және бидай тасымалында пайдаланылатын вагондардың 8-9 пайызының тозығы жеткен.

Бірнеше сағатқа созылған жиын барысында түйткілді мәселеге нүкте қойылған жоқ. Алдағы уақытта тараптардың тағы бір жиыны өтіп, онда “Евротрансгрупп” ЖШС-і жергілікті диқандарды делдалдық қызметінің жаңартылған бағасымен таныстыратын болады.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp