«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ АҢЫЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес одағы чемпионатында кәсіби деңгейде мойындалған тұңғыш қазақ футболшысы, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Алматының “Қайрат” командасының капитаны болған Тимур Сегізбаевты кім білмейді?!

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ жұртының футболға деген ықыласы ерекше еді. Дәл осы кезде спорт сахнасында Тимур Сегізбаев найзағайдай жарқ ете қалды. Тимур Санжарұлы 1941 жылы Семей өңірінде өмірге келді, Алматыдағы футбол мектебінің түлегі. 1958-1970 жылдар аралығында “Қайрат” командасының сапында 200-ден астам ойын өткізді. Қысқасы, отандасымыздың сол кездегі абыройы қазақ жанкүйерлері үшін әйгілі Пеледен кем түскен жоқ.

Тимур Санжарұлы “Қайраттың” сапындағы алғашқы бәсекесінде-ақ көзге түсті. 1960 жылы 14 мамырда КСРО чемпионатының жетінші турында Минскіде жергілікті “Беларусьпен” алаңға шыққан “Қайрат” бұған дейінгі алты ойынның бесеуінде жеңіліп, біреуінде ғана тең ойнаған болатын. Матчта 19 жастағы бозбала “Беларусьтің” қақпасына келістіріп тұрып екі доп соқты. Бұл – қазақ жастарының КСРО футбол чемпионатының жоғары тобындағы ең алғашқы голдары еді.

Тимур Сегізбаевқа дейін “Қайратта” қазақ жігіттері болды. Бірақ олар кәсіби шеберлік жағынан Тимурдың деңгейіне көтеріле алған жоқ. Минскідегі бәсекеден кейін Сегізбаев “Қайраттың” құрамына біржола орнықты. Тимур Санжарұлы жасыл алаңдағы шалт қимылымен миллиондаған жастар үлгі тұтатын спортшыға айналды. Еліміздің мақтанышы болды. Сол кезде Тимурдай болуды армандаған мыңдаған бала футбол үйірмелеріне ағылып жатты. Тимур ағаларына еліктеп өскен Құралбек Ордабаев, Сейілда Байшақов сынды Кеңес одағы мойындаған теңбіл доп шеберлері жетпісінші жылдары “Қайраттың” сапында өнер көрсетті.

Тимур Санжарұлының тағы бір мерейлі сәтін футбол жанкүйерлері ұмыта қойған жоқ шығар. 1964 жылы 26 тамызда Алматының “Қайрат” командасы Мәскеуде жергілікті “Спартакпен” ойнады. “Спартак” – атағынан ат үркетін команда. 1962 жылғы КСРО чемпионы, 1963 жылғы чемпионаттың күміс жүлдегері әрі Кеңес одағы кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы. Футбол мамандары мен жанкүйер қауым мәскеуліктердің Алматыдан келген ортаңқол команданы қиналмай ұтатынына күмәнсіз сенген. Бірақ жұрт ойлағандай болмай шықты. Еуропаның небір күшті командаларын ұтып жүрген “Спартак” өз үйінде жеңіліп қалды. Тимур Сегізбаев “Спартактың” қақпасына екі доп салды. Ал “Қайрат” өз қақпасына доп дарытқан жоқ.

“Спартакпен” ойыннан соң Тимур Сегізбаев “Қайрат” командасының капитаны болып сайланды. Жалпы ол команда сапында 168 рет алаңға шығыпты.

Кейін ол КСРО чемпионатының “Б” класындағы Қызылорданың “Автомобилисінің” тізгінін ұстады. Бірінші айналымнан кейін 21 команданың ішінде 14-15-ші орында келе жатқан Сыр бойы футболшылары маусым қорытындысында үздік алтылыққа енді. Тимур Санжарұлы 1971 жылы Қарағандының “Шахтер” командасының бас бапкері болып тағайындалды. КСРО чемпионатының бірінші тобында ойнайтын қарағандылық футболшылар Сегізбаевтің басшылығымен 22 команда сынға түскен аламанда тоғызыншы орынға көтерілді. Чемпионат барысында даңқты спортшының командасы Днепропетровскінің “Днепр”, Куйбышевтің “Крылья Советов” секілді азулы қарсыластардан, сонымен қатар Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Молдова, Латвия, Литва республикаларының бетке ұстар командаларынан басым түсті.

1976 жылы Тимур Сегізбаев өзінің үзеңгілес досы Станислав Каминскиймен бірге “Қайратты” Кеңес одағы чемпионатының жоғары тобына алып шықты. Тимур Санжарұлының еңбегінің арқасында Алматының “Қайрат” командасы 1986 жылы КСРО чемпионатының қорытындысында 7-орынға табан тіреді. Алматылық футболшылар 1960 жылдан бері КСРО чемпионатының жоғары тобында 8-орыннан биік көтеріліп көрмеп еді.

Қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаев 2017 жылы 76 жасында дүниеден өтті.

Қыдырбек РЫСПЕК.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp