«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰЛҚЫННЫҢ ҚҰЛДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есімі қазақ тарихында “Хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы”, “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би” деген нақылдарға арқау болған, өз заманында Шыңғыс хан қағанатының заң-ережелерін бекіттіріп берген жарғышы – Майқы би кісі ақысын жегендер жайында “Мал ұрласа үш тоғыз айыбымен, толықтап малдың басын көтереді”, – депті.

Бұл – әділдікті ту еткен бабамыздың біреудің мүлкін иемденіп кетуді ар көрмейтіндерге қолданған бір амал-шарасы болса керек. Қазіргі тәуелсіз еліміздің де ғасырлар бойы сайын дала төсінде салтанат құрып, ұлттық болмысымыздың ұстынына айналған дәстүр-салттан ажыраған күні жоқ. Десек те, кейде мемлекеттің мүлкін атасының мұрасындай иеленіп, май кекіріп жүрген жемқорлардың желкесінде қырағы көздің бар екенін ұмытатыны қынжылтпай қоймайды.

“Үкіметтің мүлкін аяйсың ба”, “колхоздың дүниесін басып қалайық” деген сияқты қасаң қағидалар кешегі кеңес кезінде санамызға әбден сіңген шығар, əйтпесе, біздің арғы-бергі тарихымызда қазынаның қаржысы, халықтың ортақ байлығы аманаттың ең үлкені әрі қадірлісі саналған. Өткен заманның сарқыншағы санасында қалған жемқорларды Ата Заңымыз қатал жазамен қорқытып жатса да “сүрініп құлаған жерінен бір уыс шөп жұла кететін” пысықай пайдакүнемдердің санасына саңылау қашан түсер екен дейсің осындайда.

Иә, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың қауіпті дерт екенін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап айтып келеді. Елімізде жемқорлықты ауыздықтауға бағытталған нормативтік-құқықтық база қалыптасты, әрбір шенеунікке қатаң талап қойылды. Өкініштісі сол, олардың біразы өзіне тапсырылған қызметті адал атқара алмайтындығын дәлелдеп отыр.

Біздің облысымыз өзге өңірлерге қарағанда сыбайлас жемқорлық қылмысының тіркелуі бойынша соңғы орында екені белгілі. Десек те, Абай атамыз айтқандай, “еңбексіз тапқан” оңай олжаға кенелгісі келетіндер бізде де аз емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның өңіріміздегі департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы облыста алпысқа жуық сыбайлас жемқорлық қылмысы орын алған. Соның салдарынан мемлекетке келген шығын 157 млн. теңгені құрапты. Осы кезеңде 41 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, соның 10-ы бірінші басшылар екен. Тіпті, Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда да жемқорлыққа жол беріліп, 50 млн. теңгедей қаржы “ұстағанның қолында, тістегеннің аузында” кеткен.

Өткен жылғы көрсеткіш те көңілге жұбаныш бола алмайды. Былтыр жемқорлыққа жол бергені үшін жергілікті атқарушы органдардың тоғыз қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының екі бірдей басшысының болғанынан-ақ көп жайтты аңғаруға болатындай. Ақжар аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің бұрынғы бас маманының жергілікті кәсіпкерге қол ұшын созуының орнына нысанды пайдалануға беруге арналған актіге қол қою үшін 70 мың теңге талап еткенін қалай түсінуге болады? Ал тағайындалғанына жарты жылға жуық уақыт өтпеген Мамлют ауданының бұрынғы әкімі Жастілек Сыздықовтың былтыр кәсіпкерлердің бірінен 185 мың Ресей рублі көлемінде пара алғаны ақжағалылардың бірінші кезекте ардың тазалығы емес, құлқынның қамын ойлайтындарын көрсетіп отыр емес пе? Сот оған 22 млн. теңге айыппұл төлету жөнінде шешім шығарды.

Былтыр осындай қылығы үшін сексеннен астам лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілікке тартылып, он алтысының жұмыстан шығарылғаны да алаңдатуға тиіс. Сонымен қатар Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің лауазымды тұлғаларының сәулет нысандары үшін бөлінген 10 миллион теңгеге жуық бюджет қаржысын жымқырғанын ақтауға болмайды.

Терең тамыр жайып отырған сы­байлас жемқорлықпен күресте жергілікті құқық қорғау органдары да пұ­шайман күй танытатын секілді. Осынша қылмыскерді ұстадық, мынанша миллион теңгені мемлекетке қайтардық, парақорларға осынша көлемде айыппұл төлеттірдік деген сияқты дәлелдер кездессе де, бірақ оның адам санасына әсер ететіндей, арды тазалайтындай нәтижелері болмай отырғаны да шындық. Қоғамның “ал­пыс екі тамырына” уытын жайып кеткен кеселмен күресті әлде де күшейтіп, осы бағыт­тағы заңдылықтардың сақталуы мен құқық­тық тәртіпті қатайта түсудің қажеттігі анық сезіледі. Бұл орайда еліміз бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Әлемнің өркениетті елдерінің озық тәсілдері пайдаланылуда. Тұрғындардың қоғамның індетіне деген қарсы иммунитетін қалыптастыруда ұйымдастырылып жатқан “Парасыз болашаққа бірге”, “Адал жол” ақцияларының да берері мол. Былтырдан бастап М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің негіздері” атты арнайы пән оқытылып келеді. “Қоғамдағы адал адамдарға сая­­си, идеологиялық, экономикалық тұрғыдан артықшылықтар беруге ұмтылуымыз керек. Еліміздің кадр саясатында адалдық ең бірінші өлшемге айналуы тиіс. Ал адалдықтың туы жоғары кө­­терілген кезде жемқорлықтың құты өзі­нен-өзі қашатындығы түсінікті, – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басқармасының басшысы Серік Айдарбеков.

Қазіргі қоғамымызда өлімнен ұятты күшті санаған кешегі ата-бабаларымыздың “кісі ақысын жеме”, “ала жіпті аттама” деген сияқты қанатты қағидалары үстемдік құрса жемқорлықтың да тамырына балта шабылатын күн туар. Олай болмаған жағдайда “асасаң аш болмайсың” деген сияқты мақамы өзгерген мақалдардың көбеймесіне кім кепілдік бермек.

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp