«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛАҒАТТЫ ӨМІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ақ кимешек астынан сені көрем” дегендей, марқұм Мәрә әжемнің мейірімді жүзі көз алдымнан әлі күнге дейін кетпейді. Ол Есіл ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмыры Бірлік ауылында өтті. Оннан аса құрсақ көтеріп, ұлдарын – ұяға, қыздарын – қияға қондырды. Өмірінің соңына дейін бауырынан тараған перзенттерінің балаларына да қамқор бола білді.

Біз, немерелері, аяулы әжеміздің ақыл-парасатын тыңдап, ұлағатты сөздерін көңілімізге түйіп өстік. Ойыңды өсіріп, бойыңа ақыл қондыратын, ертеңгі күні қоғамға пайда келтіретіндей азамат болып қалыптасуыңа оң әсерін тигізетін қасиеттердің қадірін ол бізге жалықпай үйретті. Әжеміздің жанында болғанда біз өзімізді бейне бір керемет жарық сәуленің шуағына бөленгендей сезінетінбіз.

Әжеміз “Қуанышыңмен бөліссең, көбейе түседі” деген сөзі арқылы тек жақсылық жайлы ойлауға, жақсылыққа сенуге тәрбиеледі. Қазақ ежелден қонақжай халық, сондықтан қонақ шақырудан қашпаңдар, шығын шығады деп тарылмаңдар деп ұдайы ата дәстүрімізді сақтауға шақырып отыратын.

Қазір қарап отырсам, Мәрә Ғазизқызы сияқты көпті көрген көне-көз қарттарымыздың орны ойсырап тұр. Олардың өнегелі өмір жолдары, ұлағатты әңгімелері жетіспейтін сияқты. Жас ұрпақ осындай жандардың өсиеттерінен нәр алса, ұлттық құндылықтарымызға деген құрмет арта түсер еді.

Әсемгүл СӘРСЕНҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp