«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМЫТЫЛМАС ӘСЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында Аққайың ауданындағы Власовка орта мектебінің оқушылары алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың туған жері – Сарытомар ауылындағы мұражайға экскурсия жасадық. Ақынның шығармашылығымен мектеп қабырғасынан таныс болғандықтан, біз бұл сапарды асыға күттік. Мұражай 1993 жылы ақынның 100 жылдығына орай ашылған екен. Біз алдымен Сарытомар орта мектебін араладық. Содан кейін мұражай директоры Айгүл Жүнісбаева бізді Мағжан Жұмабаевтың өмірімен, шығармашылығымен таныстырды.

Үш залға орналастырылған мұражайда ақынның қилы тағдырынан сыр шертер материалдар топтастырылған екен. Бірінші залда Мағжан Жұмабаевтың Омбы семинариясында оқып жүрген кезіндегі сыныптан-сыныпқа көшіру хаттамалары, өз қолымен толтырылған студенттік жеке парағы мен декларациясы, кітаптары қойылған. Маңызды жәдігерлердің қатарында ақынның ең алғаш жарық көрген “Шолпан” кітабының мұқабасы да бар. Ал екінші залда сол әулеттің текеметі, ыдыс-аяғы, кереуеті, ақын атамыздың қолының табы қалған басқа да заттары сақтаулы.

Мұражайдағы әр жәдігер құнды, ал ақынның фотосуретінің өзгелерден шоқтығы биік. Айгүл Теңдікқызының айтуынша, 1936 жылы Мағжан Жұмабаевты абақтыға қамағанда, туыстарының үйлеріне тінту жүргізген. Сонда Мағжанның ағасы Әбәммүслім інісінің фотосуретін қабырғада ілулі тұрған Лениннің портретінің артына жасырған екен. Әбәммүслімнің өзін ұстап әкетіп бара жатқанда, ол зайыбы Күлбарамға бауырының суретін сақтауын тапсырған. Күлбарам бұл портрет жайында өмірінің соңғы кездерінде ғана ұлы Қабдөшке айтқан екен.

Мұражайды зор қызығушылықпен тамашалап, ұмытылмас әсерге бөлендік, тіпті, бір сәтке ақын өмір сүрген заманға сапар шеккендей сезімде болдық.

Маргарита СКРИЦКАЯ, Власовка орта мектебінің оқушысы.

Аққайың ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp