«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ ДЕГЕН — ЖАРЫҚ КҮНІ ҒАЛАМНЫҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саналы ғұмырын қазақ тілінің дамуына арнаған адамдар аз емес. Солардың бірі – есімі өңірімізге белгілі ұстаз Мақшай Ғабдоллақызы. Оны білмейтіндер кемде-кем. Біздің өңіріміздегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің басым бөлігі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлектері. Жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында білім алған олар біздің әріптесіміз Мақшай Ғабдоллақызының дәрісін тыңдап, еңбек жолына қадам басты. Ол ұстаздық жолда жарты ғасырға жуық табан аудармастан қызмет атқарып келеді. Бүгінгі күні жетпіс жастың төріне озғалы отырған ардақты жан жастарға үлгі болуға әбден лайық.

Адам үшін өмірлік жолда мамандықты адаспай таңдап, ұзақ жылдар бойы қоғамның игілігі үшін қызмет атқарудан артық бақыт жоқ шығар. Сондықтан біз де әріптесімізге сүйсіне қараймыз.

Көпшілік тәуелсіздіктің елең-алаң шағын әлі ұмыта қойған жоқ шығар. Азаттыққа қолымыз жетіп, бақыттың бесігінде тербелген шақта жоғымызды түгендеп, барымызды бүтіндеуге ниет таныттық. Сол кезде өңіріміздегі мектептер үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімін даярлау қажеттігі анық байқалды. Жоғары оқу орнының басшылығы бұл мақсатқа бел шеше кіріскен сәтте осы сенімнің үдесінен шыға алатын тіл маманы қажет болды. Олардың таңдауы Мақшай Ғабдоллақызына бекерден-бекер түскен жоқ. Оның ізденімпаздығына, еңбекқорлығы мен талапшылдығына сенген, ертеңгі күн жақсы маман даярлауға ықпалы зор боларына иланған университет әкімшілігі сол сәтте дұрыс шешім қабылдаған еді.

Мақшай Ғабдуллина кафедраға 1994-1999 жылдары жетекшілік жасады. Қашанда көз қорқақ, қол батыр емес пе?! Кафедраның қалыптасуына, ұжымды білікті кадрлармен жасақтауға, басқа да мәселелерді шешуге табанынан таусылып, еңбек сіңірді. Бұған дейін ауыл балалары Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орнын таңдайтын. Біздің кафедра түлектерге есігін айқара ашқанда осы жерде білім алуға ниет танытқандар қатары еселенді. Ал олардың ішінен нағыз лайықтыларды таңдап алу қажет болды. Мақшай Ғабдоллақызы жауапты кезеңде дұрыс шешім жасай білді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні кафедрада қызмет атқарып жүрген оқытушылардың басым бөлігі – ардақты ұстаздың шәкірттері, осы оқу орнының түлектері. Олардың арасында ғалымдар да аз емес. Мысалы, Меңдіқыз Есматова, Жанар Сейілбекова, Гүлзада Хамзина ұстазға қарап бой түзеп, ғылымның биігіне құлаш сермеді.

Ол бүгінгідей бедел мен абыройға бір күнде жеткен жоқ. Ұзақ жылғы ізденіс пен еңбектің нәтижесі десек, қателеспейміз. Сөзіміз дәлелді болу үшін оның осы күнге дейін 100-ден астам түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, мақалалар жариялағанын айтып өткен жөн. Жоғарыда сөз еткенімдей, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы алғаш ашылған жылдары болашақ мұғалімдерге қазақ тілін оқытуға үйретіп, оны терең білуге баулу, әрине, алдымен кафедра жетекшісіне үлкен сын болды. Сондай сәтте ғалым оқулықтардың аздығына мойынсұнбай, көптеген еңбектер жазды. “Қазақ фразеологиясының теориясы мен практикасы”, “Тіл біліміне кіріспе”, “Фразеологизмдердің лексика-грамматикалық сипаты”, “Қазақ тілінен тест тапсырмалары”, “Тілдік талдау үлгілері”, “Қазақ пунктуациясын мектепте оқыту”, тағы басқа оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Бұл еңбектердің қазақ тілін оқытуға көмегі зор болды. Мектеп мұғалімдері ғалымның пайымды пікірі мен интербелсенді әдіс-тәсілдерін өз сабақтарында қолданып, тілді меңгеруді терең танып-білуге мүмкіндік алды.

“Тіл біліміне кіріспе”, “Жалпы тіл білімі”, “Аударманың теориясы мен практикасы” пәндерінен дәріс оқып, студенттерді қазақ тілінің қайнарымен сусындатты. Осы еңбегі ескеріліп, Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім және тілдерді дамыту басқармаларының, университет ректорының Алғыс хатымен марапатталды. Әріптесіміз, сондай-ақ, бірнеше төсбелгілерге ие болды.

Мақшай Ғабдоллақызының еңбек жолы әлі талай мақаланың жүгін көтерері даусыз. Бірақ ұстаздардың ұстазы атанған ардақты жан әрқашан қарапайымдылықты ұнатады. Сондықтан да ол бәз біреулерге ұқсап, кеуде қағып, елі үшін атқарған қызметін бұлдаған емес. Ал ең бастысы, оны студенттер қадірлейді, әріптестері құрмет тұтады. Ұстаз үшін бұдан артық марапат жоқ екені анық.

Жанбай ҚАДЫРОВ, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp