«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСА!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгіндері әлеуметтік желі қоғам айнасына айналғандай. Техника қарыштап дамыған заманда желі қолданушыларының қатары күн санап қалыңдай түсуде. Әсіресе, белсенді жастар бас қосып, игі істерге ұйытқы болуда.

Қазір әлеуметтік желі белсенділері “вайнерлер” деп аталып кеткені белгілі. Олардың кейбірі бір минуттық бейнероликті арзан күлкі үшін, енді біреулері жұртқа салмақты ой тастау үшін түсіреді. Жуырда инстаграм арқылы “Жақсылық жаса!” челленджі басталды. Яғни, алматылық “ТJokers” тобының өкілдері дүкеннен азық-түлік сатып алып, жағдайы нашар отбасыларға табыстады. Интернет қолданушыларының ерекше қызығушылығын тудырған бұл шара жалғасын тауып, қайырымдылық жасаушы жастардың қатары артты. Қазір желіде “#Жақсылық жаса!” хэштегімен 2 мыңнан астам жазба мен бейнеролик жарияланған. Мысалы, күні кеше ғана өскемендік жастардың 11 көпбалалы отбасыға азық-түлік, киім-кешек үлестіргені туралы ақпарат көпшілікті сүйсіндірді.

Жалпы, бұл сауапты шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Мақ­сат Төлегенов есімді блогер. Ол екі жыл бұрын кешкісін достарымен келе жатып, көшеде азық-түлік сатып тұрған кейуананы кез­дес­тіреді. Сол жерде қарияға жақ­сы­лық жасау мақсатында тауарын сатып алып, бұл әрекетін таспаға түсіреді. Кейін бейнероликті “#Жақсылық жаса!” хэштегімен “Facebook” әлеуметтік желісінде жариялаған. Осылайша, игі бастама көпшіліктің көңілінен шығып, белсенді жастарды игі іске итермелеген.

Осындай жақсылыққа ұмтылған мен де жақында достарыммен бір қарияның үйінде болдым. Зейнеткерге азық-түлік апарып, ауласының қарын тазалап, көмірін кіргізіп бердік. Аға буын өкілдері жақсылықты көпшілікке жар салмай жасау керек деп айтуы да мүмкін. Дегенмен, мұндай жақсы қадамдар өзгеге ой салатыны сөзсіз.

Біреуге қуаныш сыйлау үшін ақшаның да қажеті жоқ. Қоғамдық көлікте үлкенге орын беру, жолда қалған жүргізушіге көмектесу сынды қарапайым жағдайлардан да мейірім мен ізгіліктің үлгісін көруге болады. Айтайын дегенім, өрендер осындай игі іске жұмылса, ұтылмайды. Жақсылық жасаудан қашпайық, керісінше, көмекке зәру жандарды қолдайық.

Әлібек АЙТҚОЖИН, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp