Аңдардың патшасы – арыстан бәйге жариялапты. Бір қазан суды қайнаттырып қойып:
– Осы суды кім ішіп қойса, көп сыйлық беремін, – деген шартын айтыпты. Аңдар бірінен соң бірі келіп, қанша өжеттенсе де қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты. Ең соңында қоян келіп, қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады да:
– Ыстықтай ішуді өте жақсы көремін, – деп жан-жағына қарайды.
– Ендеше, іше ғой, – дейді аңдар аңтарылып. Қоян ұзыннан-ұзақ қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп:
– Мінеки, достарым, мынау ыстық су. Көздеріңмен көріңдер! – деп, бас-басына көрсетіп шығады. Сөйтіп, қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шыққанша, қазандағы су суып қалады. Сол кезде қоян суды басына бір-ақ көтеріп, сіміріп салады. Шошынған аңдар ауыздарын ашып, көздерін жұмады. Ал алданған арыстан қоянға көп сыйлық бергізіп:
– Міне, нағыз ер! – деп мақтапты.