«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСЫНАН БАҒЫ ТАЙМАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі”, – дей келе “Туған жер” бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Бұл жоба бүгінде еліміздің барлық өңірінде сәтті жүзеге асырылып келеді.

Кір жуып, кіндік кескен жер ­ әр адамның өмірінде айрықша маңызға ие екені шындық. Туған жер десек, әр адамның жүрегінде ерекше сезім атой салып, көк шалғында аунап өткізген балалық шақ, бақытты кездер еске оралады. Қазақтың руханиятына, әдебиеті мен тарихына өзіндік үлес қосқан талай ардақты азаматтар, ғалымдар, жазушылар туған жер, ауыл тақырыбын шығармаларының арқауына айналдырды. Біздің өңірімізде де түтіні түзу ұшқан ауылдар, көрнекті тұлғалардың қарашаңырағына айналған елді мекендер аз емес. Солардың бірі – Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылы.

1930 жылы қазығы қағылған берекелі ауылға Ұлы Отан соғысы жылдары кеудесін оққа тосқан Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраевтың есімі берілген. Ерке Есілдің жағасында орналасқан қойнауы құтты елді мекенде Ғалым Малдыбаев, Ермек Қонарбаев, Ахметжан Нұртазин, Мәркен Ахметбеков секілді қаламы қарымды ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің іздері сайрап жатқанын көпшілік біле бермейді. Есімдері сол кездері ауыл маңайына ғана емес, облысқа танылған Шияп Садықов, Қағида Базарбаева сынды ұлағатты ұстаздардың шыққаны да аян. Есімі елімізге жақсы таныс ақын Жарасбай Нұрқанов та осы ауылда білім алып, тырнақалды туындыларын жазған.

Аудармашы, публицист, әдебиет зерттеушісі, бір сөзбен айтқанда, қазақтың нағыз жанашыры Герольд Бельгерді де кезінде бауырына басқан осы Ысқақ Ыбыраев ауылы болатын. Тоқсан жылға жуық уақыт бойы түрлі кезеңдерді басынан өткерген елді мекен ұлттық құндылықтардан нәр алған қалпын жоғалтқан емес. Келген қонағына құрт-майын ұсынып, дастарқанынан дәм татырудан жалықпайтын тұрғындарының жомарттығында шек жоқ қой, шіркін! Сондай қонақжайлық пен мейірімді көріп өскен бала Гера есейгеннен кейін өзінің талай еңбектерінде Ыбыраев ауылы жайлы ой қозғап, оның сұлу табиғатын, мәрт адамдарын шығармаларына арқау етті.

Ауыл тұрғындарының мейман-достығының, ауызбіршілігінің үзілмеуін елді мекенде 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан имандылық ордасы – Бадана би мешітімен де байланыстыруға болатындай. Онда бұған дейін Қайролла Қасымов, Қайыржан Қошқарбаев сынды азаматтар қызмет етсе, қазіргі кезде Думан Шалов пен Жақсылық Мәтенов ауыл тұрғындарын ізгілікке ұйытып келеді.

Ауылдағы білім ордасының да өзіндік тарихы бар. Бұрынғы Ленин орта мектебіне 2000 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Мәркен Ахметбековтің есімі берілген. Білім ошағына 2010 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде оқу кабинеттері, ұлдар мен қыздар шеберханасы, спорт залы, кітапхана, асхана, әдістемелік бұрыштың материалдық жағдайы біршама жақсарған. Білім ордасы жанындағы Тереңсай мұражайына ауыл маңынан табылған құнды жәдігерлер, елге сыйлы азаматтардың тұтынған заттары, ескі ұлттық аспаптар, ақжаулықты әжелер жасаған қолөнер туындылары қойылған. Бұл құнды бұйымдар ауыл жастары мен мектеп оқушыларының елді мекен тарихын терең білулеріне жол ашып отыр. Аталмыш мұражай 1980 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Оған тарих пәнінің мұғалімі Роза Хамзақызы жетекшілік етуде. Ол әрбір талапты өренге мұражай сөрелеріндегі жәдігерлердің тарихын айтып беруден жалыққан емес. Жуырда оқушылар аудандық өлкетану жарыстарында мұражайды жан-жақты таныстырып, жүлделі бірінші орынға ие болған.

Мәркен Ахметбеков атындағы мектепте қырық жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп, шәкірт санасына білім сәулесін құйып келе жатқан Зиягүл Тасыбайқызы, Алма Қабалаққызы, Зейнегүл Қабдоллақызы, Қаламқас Адырбайқызы, Сейілхан Сейітұлы секілді ардақты ұстаздардың бағындырған белестері аз емес. Олардың шәкірттері білім бәйгелерінде үнемі алдыңғы орындардан көрініп жүр. Қазіргі таңда білім ошағында 90-ға тарта оқушы тәрбиеленуде.

Ауыл кітапханасының қызметкерлері жастар арасында түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіп, кітаптың адамға қанат бітіріп, ой- өрісінің дамуына зор үлес қосатындығын дәріптеуден жалыққан емес. Жергілікті кітапханашы Сәуле Құсайынова балаларға ақын-жазушылардың шығармаларын оқытып, халқымыздың ертегісімен сусындатуда.

Ауылдағы адамдардың тұрмыс сапасын арттыру үшін де түрлі жұмыстар атқарылуда. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2018 жылы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жеті су колонкасы орнатылды. Бұл бес жүзге жуық тұрғыны бар ауыл үшін үлкен көмек. Былтырғы жылдың шілдесінде Дархан Жұманың инвестициялық жобасы іске асырылып, 50 мың тоннаға дейін табиғи тасты өңдейтін зауыт жұмысын бастады. Ал жеке кәсіпкер Азамат Хамзиев үстіміздегі жылы 500 литр сүтті қайта өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. Онымен қоса, жеке кәсіпкер Жомарт Әбдірахманов биыл ауылда 200 орындық дәмхана ашуды көздеуде. Аталған жобалар жүзеге асатын болса, екі қолға бір күрек табатын тұрғындар санының артатыны да анық.

Ысқақ Ыбыраев ауылының әкімі Руслан Кәрімов алдағы уақытта елді мекендегі шаруа қожалықтары аудан орталығы – Сергеевка қаласына қатынайтын жолға қиыршықтас төсеуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Заман ағымынан қалмай, жылдан-жылға гүлденіп келе жатқан ауыл кімді де болсын тамсандырмай қоймайды. Кешегі атақты тұлғалардың мекені өркендеп, жалынды жастардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілік ұялап, “елім” дер ұландар көбейгені біз үшін үлкен қуаныш.

Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp