«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨМЕК ҚОЛЫН СОЗБАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс отызыншы сессиясында халық қалаулылары 2019 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау, жер мәселесі жөніндегі комиссияның атқарған жұмыстары және амбулаториялық тегін емделетін азаматтарға қосымша дәрі-дәрмек, медициналық мақсаттағы құралдар бөлу мәселелерін талқылады. Депутаттардың жиналысына облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наталья Дышканттың айтуына қарағанда, жыл басында 321 млн. теңге болған еркін айналымдағы қаржыны, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бекітілген қаржыландыруды қайта бөлу нақтыланды. Бұл қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетуге, Мамлют ауданындағы Краснознаменое ауылдық медициналық пунктіне ғимарат сатып алуға, туризмді дамытуға, жолдарды, инженерлік желілерді, балалардың ойын алаңдарын жөндеуге, білім, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, мәдениет, жолаушылар тасымалдау салаларына бөлінді.

Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жалғас Сүлейменов пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хабарламаларын тыңдаған халық қалаулылары бірауыздан шешім қабылдады.

Сессияда облыстық мәслихаттың депутаттары Юрий Белоног пен Геннадий Зенченко көпбалалы отбасылардың қордаланған мәселелерін көтерді. Астана қаласында жуырда орын алған бір отбасындағы бес баланың қайғылы қазасынан кейін барлық өңірлерде бұл мәселемен жүйелі айналысатын тиісті органдар өкілдерінен жұмыс топтары құрылуда. Олар елді мекендерде тұратын, күнкөрісі төмен көпбалалы отбасыларды есепке алып, қолдан келгенше көмек қолын созбақ. Оған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, қамқорлық және қорғаншылық кеңестері, мектеп мұғалімдері мен ата-аналар тартылмақ. Халық қалаулылары, сондай-ақ, елімізде қолданыстағы ана мен бала құқығын қорғау туралы заңға өзгерістер енгізу мәселесін көтеру қажеттігін атап көрсетті. Облыстық мәслихаттың әрбір депутаты өз сайлау учаскелеріндегі тұрмыс деңгейі төмен көпбалалы отбасыларды қамқорлыққа алу ісін назардан тыс қалдырмайтын болды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp