«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСХАНА МӘЗІРІ АЛА-ҚҰЛА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданының Бәйтерек орта мектебінде оқушыларға еліміздің қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерімен тыйым салынған қуырылған тағамдар берілген. Осы және басқа да кемшіліктерді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының арнайы тобы мектеп асханаларына мониторинг жүргізу барысында анықтады.

Мониторингтік топтың мүшелері мектеп асханаларын тексеру кезінде бірқатар ескертулер жасады. Олардың арасында ата-аналардың пікірі жазылатын журналдың болмауы, ас мәзірінің сәйкес келмеуі, соңдай-ақ, азық-түлік сапасы анықталған кітапшаның толтырылмауы және т.б. кемшіліктер бар.

Мониторингтік топтың мүшелері аудан орталығындағы Бескөл орта мектеп-гимназиясының асханасында да болып, бірқатар кемшіліктерді анықтады. Мысалы, “нұротандықтар” асханада ауызсу кулерлерінің болмауын сынға алды.

– Асханада таза ауызсу аппараттары, бір рет пайдаланатын стақандар жоқ. Бәйтерек ауылында пластмасса ыдыстар қолданған, бұл гигиеналық талапқа сәйкес келмейді. Сонымен қатар, ескі жиһаздар, үстелдер қойылған, бұл алаңдататын жайт. Мысалға, оқушы ыстық шайды шайқалып тұрған үстелде байқамай төгіп, күйіп қалуы мүмкін. Осы мәселемен мұқият айналысу қажет. Сондай-ақ, ас мәзірі апталық және күнделікті болуы тиіс, – деді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов.

Бескөл орта мектеп-гимназиясындағы асхананы жалға алушы Сәлима Жиенмурзинаның айтуынша, жеке кәсіпкер қызмет көрсету тендерін өткен жылдың соңында ұтып алыпты, ал жұмысқа қаңтардан бастап кірісіпті. Сондықтан осы мәселелермен айналысуға кәсіпкердің уақыты болмағандықтан “нұротандықтарға” анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде түзетуге уәде берді.

Облысымызда “Мектеп асханалары” партиялық жобасы 2019 жылдан бастап қолға алынды. Осы мерзім ішінде қамқоршылық кеңестерінің өкілдерімен, депутаттармен және ата-аналармен бірлесіп өңірдегі 120 мектепте мониторинг өткізілді. Бірінші кезекте мониторигтік топ мүшелері есептік құжаттаманы, мектепке әкелінген азық-түлік сапасын тексеретін комиссия жұмысының материалдарын, диетолог немесе санитарлық дәрігер бекіткен ас мәзірінің болуын тексереді. Бұдан басқа олар оқушыларды ауызсумен қамтамасыз етуге және мектеп асханасындағы тамақтардың бекітілген стандарттарға сәйкестігіне назар аударады.

Ілияс СӘБДЕНОВ, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp