«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІҢ БАСТЫ САЯСИ КҮШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының кезектен тыс жиырма тоғызыншы конференциясы өтті. Бұл алқалы жиынға өңір басшысының орынбасары Дәурен Жандарбек, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары, барлық аудандар мен облыс орталығындағы партия ұйымдарынан сайланған делегаттар қатысты.

Конференция делегаттары “Нұр Отан” партиясы құрылғаннан бергі жиырма жыл ішінде атқарған жұмыстарды, Елбасының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылады. Сонымен қатар жиын барысында “Нұр Отан” партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасы, Жарғысына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар әңгіме арқауына айналды.

– Биыл “Нұр Отан” партиясы үшін айрықша маңызды жыл. Үстіміздегі жылдың 1 наурызында біздің партиямыздың құрылғанына 20 жыл толады, сондықтан партиямыздың мерейлі датасымен баршаңызды құттықтаймын, – деді “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов. – Күрделі экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдайларда партия өзінің басты мақсаты ретінде халықтың әл-ауқатын арттыруды белгіледі, бүгінде оны бұлжытпай жалғастырып келеді.

Осы жылдар ішінде партия елдің жетекші саяси күшіне айналды. Бүгіндері белсенді мүшелерінің саны бір миллионға жуықтады. Партияның облыстық филиалына қарасты 15 аудандық филиалы мен 351 бастауыш партия ұйымында 40 мыңға жуық мүше бар.

“Нұр Отан” партиясы өз қызметін саяси доктринаны, “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер” бағдарламаларын, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын, Елбасының Жолдауларын, “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақалаларын және партияның сайлауалды бағдарламасын негізге ала отырып жалғастырып келеді.

Бүгінде кең талқыға салынып отырған партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы дамыған елдердің қатарына кіру үшін бес институционалдық реформаға негізделген.

Жаңа бағдарламада көзделгендей, партияның алдағы онжылдықтағы мақсаты – әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын арттыруға септесу. Жұмыс бағыттарына келсек, партия, Елбасымыз айқындаған стратегия шеңберінде елдегі жетекші саяси күш ретінде, өзінің негізгі күш-жігерін алдағы онжылдықтың он басты мақсатына қол жеткізуге бағыттайды.

Партия мемлекеттік аппаратты одан әрі жан-жақты цифрландыруға жәрдемдесу, мемлекеттік қызметтің беделін нығайту арқылы билік органдары қызметін жаңғырту бағытында жұмыстар жүргізбек. Саяси ұйым өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Ол үшін құқық қорғау жүйесінде сапалы өзгерістер жүргізуді, сот жүйесін жаңғыртуды, қорғаныс қабілетін арттыруды көздейді. Ел экономикасының қарқынды дамуы мен азаматтарының әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету үшін де жүйелі жұмыстар жүргізбек.

Партиямыз Елбасы айқындаған жаңғырту құндылықтарын қоғамда белсенді ілгерілетуге ниетті. Сонымен қатар шығармашылық жастарды қолдауды, олардың жобаларын іске асыруға көмек көрсетуді, шетелдік әріптестермен мәдениетаралық және ғылыми байланыстарды дамыту барысында нақты жұмыстар жүрргізуді мақсат етеді.

Партия Қазақстанда үйлесімді қоғамдық қатынастар құруға белсенді қатыспақ. Елбасының стратегиялық бастамаларын қарқынды жүзеге асыру мақсатында үкіметтік емес сектормен тығыз қызмет атқаратын болады. Белсенді азаматтық сектордың көмегімен мемлекет жұмысын тиімді бақылауға, уақтылы түзетуге және толықтыруға мүмкіндік туады. Мемлекетіміздің болашағы жастарды жан-жақты қолдау “Нұр Отан” партиясы мен оның “Жас Отан” жастар қанаты қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

– “Нұр Отан” партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысында өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Оған облысымыздың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары дәлел бола алады, – деді облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.

– Облыс диқандары былтыр мол өнім жинады, өнеркәсіп өндірісінде оң серпін байқалады. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үстіміздегі жылы облыс орталығында он екі көпқабатты үйде 1500 пәтер пайдалануға беріледі. “Имантау – Шалқар” курортты аймағын дамыту, жолдарды жөндеу, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғындарды әлеуметтік қорғау бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылмақ.

Конференцияда “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Жанар Таласпаева, облыстық мәслихаттың депутаты Владимир Притчин, “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелерге орай ойларын ортаға салды. Алқалы жиында Астана қаласында өтетін “Нұр Отан” партиясының кезекті он сегізінші съезіне делегаттар сайланды.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp