«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАСТАР ЖЫЛЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында бірлестік төрағасы Ерік Нұрақаев алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен биылғы жыл “Жастар жылы” болып жарияланды. Осыған орай, алдағы уақытта кеңес мүшелерінің қатысуымен кейінгі толқын үшін екі ауқымды шара ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Есіл ауданының Покровка ауылындағы Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінде ауылдың жұмысшы жастарының және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде студенттердің республикалық форумдары өтеді. Бүгінгі таңда кәсіподақтар жастар қозғалысының дамуына зор мән береді. Қазір кәсіподақ мүшелерінің 40 пайыздан астамы – 35 жасқа дейінгі азаматтар, – деді Ерік Есімұлы.

Жұмысшы жастардың форумы маусым айына жоспарланған. Кәсіподақтар федерациясының бұқаралық іс-шараларын ұйымдастырудың кешенді жоспарына сәйкес бұл шара өңіріміздің аграрлық әлеуетін ескере отырып қолға алынбақ. Бүгінгі таңда жүз жылдық тарихы бар білім ошағында агроөнеркәсіп саласына қажетті мамандар даярлануда. Сол себепті, форум Мемлекет басшысының әр облыста заманауи құрылғылармен жабдықталған 10 үздік колледжді құру тапсырмасын жүзеге асыруға септігін тигізеді деп күтілуде.

Бұдан соң “Облыстық жастар мәслихаты”, “Облыстық студенттер альянсы”, “Жас отан” жастар қанатының облыстық филиалы, “Қызылжар жастары”, “Облыстық жастар ресурстық орталығы” еріктілер клубының жетекшілері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Олардың жұмысын кәсіподақтар бірлестігінің “Келешек” атты жастар кеңесі үйлестірмек.

Жастар кеңесінің жетекшісі Әлия Тасымованың айтуынша, бүгінгі таңда кеңестің 35 жасқа дейінгі 7 мыңнан астам мүшесі бар. “Бізге күн сайын көмек сұрап құқығы бұзылған 2-3 жас хабарласады. Жұмыс берушілердің тарапынан заң бұзушылықтар орын алған жағдайда мәселені бірлесіп шешуге қол ұшымызды береміз. Дегенмен, түйткіл көбінесе жұмысшылардың пайдасына шешіліп жатады. Мәселені сотқа жеткізбей шешу үшін келісім орталығы жұмыс істейді”, – деді кеңес жетекшісі.

Сонымен қатар шара барысында “Кәсіподақтар: теория және тәжірибе” атты ғылыми монографияның тұсаукесері өтті. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның бастамасымен жазылған еңбекте әлемдегі және еліміздегі кәсіподақтар қозғалысының даму тарихы, әлеуметтік мекеме ретіндегі тұжырымдамасы мен қызметі туралы деректер келтірілген.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp