«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІС ЖІГЕРЛЕНДІРЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгіндері ауылдан шыққан өрендердің спорттағы қол жеткізген жетістіктеріне қарап марқаямыз. Жуырда халықаралық сайыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спорттық бағдарлаушылар – Ілияс және Әсем Назыровтармен кездесудің сәті түсті.

Ағалы-қарындасты спортшылар – Аққайың ауданындағы Трудовое ауылының тумалары. Жастайынан спортқа әуес болып өскен қос өренді шаңғы тебуге алғашқы жаттықтырушылары Марат Валеев баулыпты. Кейін Смирново ауылындағы №2 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлан Дүйсенбинов оқушыларға спорттық бағдарлаудың әліппесін үйретеді. Мектепті тамамдаған соң Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, білікті бапкер Юрий Чуприковтің алдына барады.

Ілияс пен Әсем спорттық бағдарлаумен 13 жылдан бері айналысып келеді. Спорт шебері Ілияс – елімізде өткізілген біріншіліктер мен спартакиадалардың жүлдегері. Ал Әсем – ел біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы. 2015 жылы Азия чемпионы атанып, Норвегияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде мәре сызығын алтыншы болып кесті. Екі жылдан соң Ресейдің Сочи қаласында өткен дүниежүзілік әскери ойындарда екінші және үшінші орындарға ие болды. Қажырлы еңбектің нәтижесінде Әсем халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттерін қазіргі уақытта өңірімізге танымал спорттық бағдарлаушы Аслан Тоқбаев жаттықтырады. Үстіміздегі жылдың наурыз айында спортшылар Ресейдің Краснояр қаласында бүкіләлемдік студент жастар арасында өтетін қысқы Универсиадада бақ сынамақ. Үміттерін үкілеп отырған ағалы-қарындасты спортшылардың абыройымызды асқақтатып, жеңіспен оралуына тілектеспіз.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp