«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНСУЛЬТТІҢ АЛДЫН АЛҒАН ЖӨН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі таңда адамдардың инсультке шалдығуы көбейді. Инсульт ми қан айналымының бұзылуынан болады. Оның салдарынан адамдардың 70-80 пайызы мүгедек болып қалады. Мидың сол жақ беті зақымданған кезде инсульт белгілері дененің оң жағында немесе керісінше пайда болады. Сондықтан ауру белгісін байқаған бойда науқасқа жедел медициналық көмек көрсету керек. Мәселен, адамда кенеттен әлсіздік пайда болып, дене мүшелерінің сезімталдығы жоғалып, көру қабілеті бұзылса, басы айналып, тыныс алуы қиындаса бірден дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.

Өткен жылы Ақжар ауданында 9 адам инсультке шалдықты. Ал биыл бір адамды тіркеуге алдық. Қазір емдеу мекемесінде аурудың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Аудандық аурухананың мамандары ми қан айналымының жіті бұзылысы бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастарды бақылайды. Бізде артериалды гипертензия бойынша денсаулық мектебі жұмыс істейтінін де атап өткен жөн. Жалпы тәжірибедегі дәрігерлер тұрғындарға инсульттің қаупі туралы айтады. Өткен жылы “Антиинсульт” атты мобильдік қосымша іске қосылды. Емдеу мекемесінде ауруға шалдыққан науқастарға жедел көмек көрсету үшін қажетті жабдықтар мен апараттар жеткілікті.

 

Инсульттің алдын алуға бола ма деген сауал науқастар тарапынан жиі қойылады. Ол үшін тұрақты қан қысымын тексеріп, темекі шегу, спирттік ішімдік ішу сияқты жаман әдеттен бас тартқан жөн. Өйткені, темекі шегу инсульттің даму қаупін ер адамдарда – 40 пайызға, әйелдер арасында 60 пайызға арттырады. Ал одан бас тартқан кезде қауіп азаяды. Сондай-ақ, ас тұзын шамадан тыс қолдануды шектеу қажет. Дене қимыл-қозғалыста болуы керек. Түрлі жаттығулар жасап, саламатты өмір салтын қалыптастыру артық болмайды. Статистикалық дерек бойынша әр бесінші әйел мен ер адам 55 жастан асқан шағында инсульт алады. Артериялы гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, шылым шегу, артық дене салмағы, гиперхолестеринемия инсульттің қауіпті факторына жатады. Тағы айта кетерлігі, ауруға шалдыққан адам уайымға берілмеуі керек. Уайым адамның күш-қайратын қайтарады.

Нұрсатар БАСЫНБЕКОВ,  Ақжар аудандық ауруханасының анестезиолог-реаниматологі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp