«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІБИЛІК — НЕГІЗГІ ТАЛАП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқушылар сарайында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің өткен жылғы жұмысын қорытындылауға арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Қоғамдық бақылау, мемлекеттік қызметтің сапасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жайы талқыланған жиынға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысты.

Департаменттің өткен жылғы жұмысын ведомство басшысы Елена Степаненко қорытындылады. Оның айтуынша, департаменттің негізгі міндеті сапалы қызмет көрсететін кәсіби мемлекеттік аппарат құру болып табылады. Бүгіндері елімізде меритократия қағидасы қалыптасқан. Яғни, әлеуметтік шығу тегіне, қаржылық жағдайына қарамастан, басшылық лауазымдарға қабілетті азаматтарды тарту қолға алынған. Өңірімізде өткен жылы қызметі жоғарылаған мемлекеттік қызметшілер саны төрт есе өскен.

– Былтыр облыстағы жергілікті атқарушы органдардағы 167 маманның 78 пайызы жоғары лауазымдарға тағайындалды. Бұл жұмыстар мемлекеттік қызметшілердің адал еңбегі бойынша мансаптық өсу мүмкіндігіне деген сенімді нығайтты, – деді Елена Федоровна. Өткен жылы облыстағы мемлекеттік қызметшілер тұрғындарға 4 миллионнан астам қызмет көрсеткен.

Соңғы екі жылдың ішінде елімізде 73 мыңнан аса адам мемлекеттік қызметке орналасу үшін тестілеуге қатысып, тек 40 пайызы емтиханнан сүрінбей өтті. Ал облыста мемлекеттік әкімшілік қызметке қатысты қойылған сұрақтарды білу деңгейі 59 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өңірлік мамандар білімінің республикалық деңгейден жоғары екенін көрсетеді.

Мемлекеттік қызметті цифрландыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Алайда, әдеп кеңесінің мүшесі, отставкадағы судья Инесса Қуанова тұрғындарға қызмет көрсететін кейбір орталықтардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Орталық мамандарының компьютері дұрыс жұмыс істемегендіктен, мемлекеттік қызметті алу үшін жарты сағатқа жуық тосуға мәжбүр болатын жағдайлар кездескен. Елена Федоровна цифрландырудағы кемшін тұстарды реттеу бағытында шаралар қолданылатынын айтты.

Алқа отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер” жобасының тәжірибесін тарату жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірімізде жұмысын бастаған “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жұмысы жайлы облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет баяндады.

– Кеңсенің жұмысына өңіріміздегі барлық басқармалар мен департаменттердің мемлекеттік қызметшілері қатысады. Үстіміздегі жылдың бір жарым айында біз бірнеше кездесу өткізіп, денсаулық сақтау, білім беру, міндетті әлеуметтік сақтандыруға қатысты мәселелерді талқыладық, – деген Мадияр Дүйсенбайұлы жоба аясында әрі қарай да бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып, әртүрлі салалардағы өзекті мәселелердің шешімін тауып, жаңашылдықтарды насихаттайтындарын жеткізді.

Департамент жиырма жыл ішінде бірқатар мемлекеттік органдармен, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мәселен, ведомство мамандары “The Last Hope” ұйымымен бірлесіп, қоғамдық бақылаумен айналысады. Яғни, қаланы абаттандыру, жол құрылысы, жолаушылар тасымалы жұмыстарының сапасын қадағалайды.

– Жұмысымыздың негізгі бағыты – еліміздегі әлеуметтік аудитті дамыту. Онда біз жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалап, мемлекеттік қызметтің көрсетілуі мен бюджеттік қаржының жұмсалу барысын қадағалауға тұрғындарды тартамыз, – деді ұйым басшысы Руслан Асаубаев.

Жиында өткен жылы қолданысқа енгізілген қоғамдық бақылау картасы жайлы да әңгіме өрбіді. Жоба аясында былтыр облыс тұрғындары 130 рет байланысқа шыққан, олар мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалған қоғамдық құқық бұзушылықтар, жемқорлық фактілерін хабарлаған.

Кеңейтілген отырыста сонымен қатар мемлекеттік қызметшіге тән қасиеттер және олардың жұмыс кестесі жайлы айтылды. Олар уақтылы үйлеріне барып, отбасына көңіл бөліп, саламатты өмір салтын ұстанулары тиіс. Бұл да мемлекеттік қызметте табысты еңбек етудің негізгі тетіктеріне жатады. Үстіміздегі жылы мемлекеттік қызметшілер, тіпті, жұма күндері костюм киіп, галстук тағудан да босатылды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp