Көктемгі су тасқынына дайындық – өзекті мәселелердің бірі. Қар күрт ерісе, өңіріміздегі өзен-көлдердің жанында орналасқан 37 елді мекенге су астында қалу қаупі төнеді. Сол себепті өңірімізде табиғи апаттың алдын алуға арналған кешенді әзірлік шаралары басталды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Евгений Журавлевтің хабарлауынша, солтүстікқазақстандық құтқарушылар қауырт жұмыс кестесіне көшкен.
– Үстіміздегі жылы облыс аумағында қар былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есе көп жауды. Сондықтан елді мекендерден қарды сыртқа шығару жұмыстары жүргізілуде. Тек облыс орталығының өзінен 324 мың текше метр қар шығарылды. Жауапты жұмысқа азаматтық қорғаныстың 16 қызметі және 14 жедел әрекет ету жасағы жұмылдырылатын болады, – дейді Евгений Николаевич.