«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамның барлық мүшесінің өмір сүру сапасын арттыру, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, олардың тұрмыс деңгейін жақсарту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауында халықтың жағдайын көтеру, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешу міндеттерін қойды. Біздің басқарма да Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда.

Еңбек нарығындағы жағдайды және салалық, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын ескере отырып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары бекітілді. Соның негізінде үстіміздегі жылдың 1 қаңтарына дейінгі уақытта 31356 тұрғын екі қолға бір күрек тауып, 23936 солтүстікқазақстандық тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.

Өңірімізде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Оны іске асыруға өткен жылы 6,0 млрд. теңге қаржы, соның ішінде 3,8 млрд. – республикалық бюджеттен, 1,7 млрд. – жалпы сипаттағы трансферттен, 0,5 млрд. теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. Өткен жылғы қыркүйектен бастап аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты аясында техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша 426 адам жеті колледжге оқуға жіберілді. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеру үшін 1768 адам қысқамерзімді курстарды тамамдады, соның ішінде 1436 адам жұмысқа орналастырылды. Бағдарламаның “Жаппай кәсіпкерлікті дамыту” атты екінші бағытына сәйкес 2929 млн. теңге сомасында 772 кредит берілді.

Елбасымыз өз Жолдауында: “Бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі”, – деген болатын. Осы бағытта, яғни “Бизнес Бастау” жобасы бойынша 2060 адам кәсіпкерлік тақырыбы аясында білім алды. Ал “Еңбек нарығын еңбек ресурстарының мобильдігі және халықты жұмыспен қамтуына жәрдемдесу арқылы дамыту” үшінші бағыты аясында 840 қатысушы әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты, 497-сі “Жастар тәжірибесіне” жіберілді. Аталмыш бағыт аясында 115 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған, оларда – 416, соның ішінде тұрғындарды жұмыспен қамту орталықтары арқылы 239 жұмыс орнын құру жоспарланған.

Былтыр облысымызға 414 отбасы көшіп келді, олардың бәрі қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген. 414 отбасыға жалпы сомасы 117,5 млн. теңге мөлшерінде субсидия берілді. Оңтүстіктен келген азаматтарға қаржы бөлініп, тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу жөніндегі шығындары өтелді. Қоныс аударған 1396 адамның 666-сы еңбекке жарамды. Солардың ішінен 485-і жұмысқа орналастырылды. Бүгінде ол азаматтар ортамызға сіңісіп, еңбектерінің жемісін көруде.

Былтыр оралмандарды қабылдау бойынша да айтарлықтай жұмыс атқарылды. Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Өзбекстан, Ауғанстан елдерінен және Ресей Федерациясынан келген 54 қазақ отбасын қабылдадық. Бүгінде қандастарымыз Айыртау, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов аудандарында және Петропавл қаласында тұрып жатыр. Оралмандарды қабылдау өңірлік квотасына 36 отбасы (91 адам) енгізілген, оларға жалпы сомасы 7,7 млн. теңге мөлшерінде субсидия төленді.

Аз қамтылған отбасыларды қолдау аясында мемлекет тарапынан табысты жобалар жүзеге асырылып, биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі күні облыс бойынша тұрмысы төмен азаматтардың саны – 8,8 мың. 2019 жылғы 1 қаңтарға дейін 2115 шаңыраққа, яғни 8723 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді. Үйде оқитын 350 мүгедек бала 17,0 млн. теңгенің көмегіне ие болды. Облыс бойынша былтыр тұрғын үй көмегін алушы отбасылар саны 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,0 пайызға немесе 599 отбасына азайды.

Бүгінгі күні әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жанынан 45 мүмкіндігі шектеулі бала күндізгі оқу бөлімінде білім алуда. 2012 жылдан бастап жасы 18-ден асқан психоневрологиялық ауруға шалдыққан 10 мүгедек те оқуын жалғастыруда. Облыс аумағында 37 әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі жұмыс істейді, олар 3 мыңнан астам қарт пен мүгедекке, кемтар балаларға және психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан жандарға қызмет көрсетіп келеді.

Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес облысымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандар жеке оңалту бағдарламасына сәйкес санаторлық-курорттық емделумен, жүріп-тұруға арналған құралдармен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, қалалық және аудандық бюджет қаражаты есебінен мүгедектерге міндетті гигиеналық құралдар беріліп, оларға ымдау тілі мамандарының және жеке көмекшінің қызметтері ұсынылды. 2018 жылы түрлі қаржыландыру көздерінен 52355 азаматқа 150,9 млн. теңгенің ақшалай және қайырымдылық көмегі көрсетілді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында: “Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Біз қашан да заман сынына тегеурінді іс-қимылмен төтеп беріп келеміз. Бұл – ең алдымен, ел ынтымағының арқасы”, – деген болатын. Расында да, еліміздің өсіп-өркендеуі кез келген уақытта оның тұрғындарының татулығы мен бірлігінің арқасында мүмкін болмақ. Бұдан әрі де біз табысты, тұрмысы түзу ел болу үшін күшімізді біріктіріп, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатында еңбектенуіміз керек.

Сергей ЯКОВЕНКО, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp