«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЖЕТ ӨРТСӨНДІРУШІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы бесқабатты тұрғын үйдің пәтерінен өрт шықты. Төтенше жағдай Брусиловский көшесі, 61 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің үшінші қабатында орын алды. №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы оқиға орнына жеткенде түтін кіреберіске жайылып үлгерген. Үшінші қабатқа көтерілген өртсөндірушілер көк түтіннен есеңгіреп қалған 60 жастағы әйелді құтқарып, дәрігерлердің қарауына тапсырды. Оқиға орнынан 24 адам қауіпсіз жерге шығарылса, оның алтауы – бала. Бұдан кейін асүй жиһазын жалмап үлгерген тілсіз жау ауыздықталды.

Құтқарушылардың қауырт жұмысы мұнымен аяқталған жоқ. Тұрғындар төртінші қабаттағы бір пәтерде балалардың қалып қойғанын айтуы мұң екен, өртсөндірушілер бірден жоғары ұмтылды. Алайда, темір есікті іштен ешкім ашпаған соң бөлімнің қарауыл бастығы Андрей Щербак жалма-жан үй жанына автосатыны қойғызды. Осылайша, төртінші қабатқа көтерілген бөлімше командирі Аманжол Қоспанов түтінге толы баспанадан зәресі қашқан жеті жасар қызды алып шықты. Осындай жедел қимылдың арқасында Аяулым ажал аузынан аман қалды. Оған сол жерде психологтың көмегі көрсетілді.

Өрт сөндіру қызметінде 1996 жылдан бері жұмыс істейтін Аманжол Қоспанов талай адамды өлімнен құтқарды.

Бұл күні облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының атына Аяулымның анасынан алғыс хат келгенін айта кеткен жөн.

Мамандардың болжамынша, өрттің шығуына тоңазытқыштың бұзылуы себеп болған.


Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp