«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АЯҚТАЛҒАНЫНА – 30 ЖЫЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құрбандар рухына тағзым

Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшыларының қатарында Ауғанстанда, тәжік-ауған шекарасында қызмет еткен 29 полицей бар. Облыстық полиция департаментінде Ауғанстан жерінен кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай, ауған соғысында мерт болған сарбаздар мен жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушылардың рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақты олардың есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу мақсатында салтанатты шара өтті.

Қатысушылар қанды қырғында сарбаздар ерлік пен табандылық танытып, әскери антына адал болған жауынгерлердің ерлігін еске алды. Департамент бастығы, генерал-майор Берік Біләлов ауған соғысының 18 ардагеріне және шекарадағы шайқасқа қатысқан әскери азаматтарға “Ауғанстан жерінен кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл” мерейтойлық медальдары мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Берік Сұлтанғазыұлы құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен жауынгерлер әрқашан қызметке деген адалдығымен ерекшеленетіндігін айтып, жас қызметкерлерді аға буыннан үлгі алуға шақырды.

Нұрбек БАЕКИН, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.

Жауынгерлерге құрмет – ұрпаққа міндет

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының Әскери институты кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай қалалық Мәдениет үйінде мерекелік шара өткізді.

Жиналғандар ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, бейнесюжет тамашалады. Ұлттық Ұлан әскери институтының бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов болашақ әскери қызметшілерді тәрбиелеуде ауған соғысы ардагерлерінің ерлік істері өнеге екендігіне тоқталды. Бұдан соң институт бастығы бір топ ардагерді және кафедра бастығы Александр Воробьевты “Ұлттық Ұлан үздігі” төсбелгісімен және мерекелік медальдармен марапаттады. Интернационалист-жауынгер Петр Цвингер құқық қорғау әскерлеріне 25 жыл толуына орай Ұлттық Ұланның мерейтойлық медаліне ие болды.

Кеш барысында институт курсанттарын білім нәрінен сусындатып жүрген тәлімгерлер: Бауыржан Досжанов, Олег Ковалев, Иманәлі Пердібеков пен Петр Цвингер отты жылдарды еске алды. Олар он жылға жуық қанды қырғында сарбаздардың ерлік пен табандылық танытқанын тілге тиек етті. “Жауынгерлер туған жерлерінен шалғайда, сәт сайын өз өмірлерін қауіпке тіге жүріп, әскери антына адал бола білді”, – деді Бауыржан Досжанов.

Кездесу соңында соғыс жайлы әндер орындалды.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Ерен ерліктің үлгісі

Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – ауған соғысы. Бейбіт елдің тыныштығын бұзған Ауғанстандағы сұрапыл соғыс 1979 жылдың 25 желтоқсанында басталып, 10 жылға созылды. Жылдар өтсе де, жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел есінде. Отан алдындағы борышын адал атқарып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен азаматтардың бірі – Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылының тұрғыны Топыспай Қабуров. Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылуы күніне орай Жаңажол ауылдық кітапханасында ардагермен кездесу өтті.

Жиында оқырмандардың жүректі тебірентер жыр жолдарын тыңдаған Топыспай аға көзіне еріксіз жас алды. Бәлкім, қан майданда дұшпан оғынан қаза тапқан майдандас достарын соңғы сапарға шығарып салғаны, соғыста кешкен қасіретке толы күндері есіне түсіп, жүрегі елжіреген болар. Уақыт өткенімен, жүректегі жара жазылмас-ау, сірә?!

Кездесуде Топыспай аға терең күрсініп алып, өткен күндерді тағы бір есіне алды.

Ол әскерге аттанар алдында әкесі көз жұмды. Үйінде анасы мен қарындастары қалған болатын. Бірақ олар жауынгердің қай жақта борышын өтеп жатқандығын білмепті. Өйткені, Топыспай аға жақындарына майданға кеткенін айтпаған. Ардагер Ауған соғысының қанды қырғынынан аман-есен оралғанымен, анасымен қауыша алмаған. Ол баласы майданнан оралуына аз уақыт қалғанда дүниеден озады.

Кітапханаға интернационалист-жауынгерге арналған фотокөрме қойылды. Ауған соғысынан түсірілген естелік суреттер жауынгердің де жүрегін тебірентті. “Жас ұрпақ “Соғыс” деген сөзді естімей өссе екен”, – дейді ардагер. Ылайым, солай болғай!

Айкен ҚАПСЫТБАЕВА, кітапханашы. Жамбыл ауданы.

Ардагерлермен кездесу

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына отыз жыл толуына орай облыс орталығындағы №23 орта мектепте ауған соғысының ардагерлерімен және олардың туыстарымен кездесу ұйымдастырылды.

Ауған соғысына өңірімізден мыңнан астам адам аттанса, 46-сы елге қайтып оралмаған. Бүгінде облыста 700-ден астам ауған соғысының ардагері тұрып жатыр. Солардың бірі – “Жас арлан” әскери-патриоттық клубының жетекшісі Ерік Тәттібаев. Шарада клуб мүшелері ардагерлерге өздерінің жыр шумақтарын арнап, шағын қойылымдар ұсынды.

Әскери-патриоттық клубта 4 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер алғашқы әскери дайындық сабағына қатысып, шығыс жекпе-жегі, таэквандо, самбо сынды спорт түрлерімен де айналысады.

Шара соңында ардагерлер қауымы бүлдіршіндерге алғыс айтып, баталарын берді.

Әсемгүл ӘЛМІШЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp