«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫНДЫ САҒЫНЫШПЕН ЕСКЕ АЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада айтыс өнерінің ақтаңгері, жазба әдебиетте де өз қолтаңбасын қалдырған қаламгер, жерлесіміз Ерік Асқаровтың туғанына 60 жыл толуына орай “Талант пен тағдыр” атты әдеби кеш өтті. Оқырмандарды қаламгердің өмірі және шығармашылығымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған шараға зиялы қауым өкілдері, марқұмның туған-туыстары, жастар қатысты. Кеш қонақтары “Ақыннан өлмес жыр қалған” атты кітап көрмесін тамашалады.

Кеш барысында мерейтой иесінің әдебиетімізге қосқан үлесі, суырыпсалмалылығы, ақындығы, сонымен қатар адамгершілік қасиеттері туралы әсерлі естеліктер айтылды.

– 1999 жылы Еріктің 40 жылдығына орай М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің акт залында тамаша кеш өткізген едік. Ерік үнемі сөздің майын тамызып, арасына әзіл-қалжыңын, өлең-жырларын қосатын. Ол ақын ғана емес, үлкен азамат, өнер иесі еді. Мен үшін бүгін ол туралы айту өте ауыр. Ақындық жолға түскенде айтыс өнерінің жалауын да көтерді. Өз өнерімен жұрттың көңілінен шыға білді, – деген ардагер журналист Шашубай Малдыбаев ақын жайлы естеліктерімен бөлісіп, бір өлеңін оқып берді.

Осыдан кейін сөз алған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Əкімжанов Ерік Асқаровпен жақсы таныс болғанын айтып, бастарынан өткен небір қызықты оқиғалармен бөлісті. Ал Ерік Асқаров атындағы жас ақындар орталығының жетекшісі Жарқын Жұпархан мерейтойға орай өңірімізде жоспарланған шаралардан хабардар етті. Өңір жұртшылығының назарына Ерік Асқаровтың 60 жылдығына арналған республикалық конференция мен ақындар айтысы сияқты маңызды шаралар ұсынылатын болады. Талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында құрылған облыстық жас ақындар орталығының екі жылда жеткен жетістіктері аз емес. Шарада орталық шәкірттері ақынның өлеңдерін жатқа оқып, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Дәулет Құрмаш пен Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы Диас Аяған мерейтой иесіне арнап шағын айтыс көрсетті.

Жастайынан әдебиетке, ақындыққа құмартқан Ерік Асқаров бала кезінде өлең жазып, әпкелері мен қарындасына оқытқан екен. Шарада ақынның апалары Жұмабике Қалиева мен Алма Нұрышова бауырларын үлкен сағынышпен еске алды. “Тұңғыш өлеңі 8-сыныпта “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінде басылып шықты. Алғаш рет біз оқыдық. Сондағы қуанғанын көрсеңіздер ғой”, – деді олар.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp