«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БУЫНҒА ДА БАП КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде көп тараған аурулардың бірі – буын сырқаты. Оның пайда болу себептері әртүрлі. Көп жағдайда адамның аз қимылдауынан, суық тиюден, экологияның зиянды әсерінен, кальцийдің жетіспеуінен туындайды. Адамның ағзасында 25 жасқа дейін кальций жеткілікті болады. Ал 25 жастан кейін міндетті түрде ағзаның кальций қорын толықтырып отыру керек. Мұндайда сүт өнімдерін мол пайдаланудың маңызы зор. Бұл ауру асқынып кетсе, өмір сапасын нашарлатады. Тіпті, мүгедектікке алып келуі мүмкін. Сондықтан әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.

Буын ауруларының бір түрі остеоартроз деп аталады. Ол – қол, аяқ, омыртқа буындарының дегенерациялық-дистрофиялық ауруы. Бұл жағдайда буындардың шеміршегі ыдырап, сүйектің беті жалаңаштанады. Негізінде, буын шеміршегінің дегенерациясы ағзаның табиғи қартаюы әсерінен болатын физиологиялық үдерістердің бірі. Остеоартроз жасы 60-тан асқан адамдардың барлығында кездеседі.

Даму тегіне қарай остеоартрозды екі түрге бөлуге болады. Бірінші түрі – бұрын зақымданбаған сау буын шеміршектерінің уақытынан ерте тозуы. Екінші түрі – бұрын болған зақымдардың салдарынан буын шеміршегінің жүре келе дамитын дегенерациялық бұзылысы. Сау шеміршектің беті тегіс, жылтыр және синовиалық сұйықтықпен майланып тұрады. Шеміршектің негізгі заты протеогликандардан, гиалурон қышқылынан құралған. Протеогликандар сумен және қышқылмен тығыз байланысқан, шеміршек құрамының 70 пайызы судан тұрады. Су мен коллаген жеткілікті болса, шеміршек мықты болады. Мұндай құрылым шеміршектің эластикалық, яғни серпінділік қасиетін қамтамасыз етеді. Остеоартроз кезінде түрлі себептерден шеміршек уақытынан бұрын тозып, тез “қартаяды”. Шеміршектің метаболизмі бұзылып, хондроциттер жойылып, құрғай бастайды. Дерттің ерте сатысында шеміршек жұмсарып, беті бүртіктеніп, жылтырлығынан айырылады. Бара-бара тозып жұқарады, талшықтары ыдырап, тілініп жарылады. Одан кейін бетінде көптеген саңылаулар пайда болады. Шеміршектің жұқаруынан және жойылуынан буынның жігі тарылады, жалаңаштанған сүйектердің бастары бір-біріне үйкеліп, беттері тығыздалады. Остеоартроздың этиологиясында ішкі және сыртқы факторлар айқындалуы керек. Ішкі факторларға дене бітімінің немесе қимыл-тірек жүйесінің кемістігінен буын беттері үйлесімділігінің жойылуы (қазтабан, омыртқа бағанасының сколиозы, буын осінің ауытқуы, байламдардың осалдығы, сіңірдің созылуы, т.б.), буынға салмақ түсіретін семіздік, эндокриндік, метаболизмдік бұзылыстар, ал сыртқы факторға жарақат алу, түрлі заттармен улану әрекеттері жатады.

Буынға күш түссе, зақымданады. Көбіне саусақ, үлкен башпай, тізе, ұршық, мойын, беломыртқа буындары зақымданады. Буындардың ауруы денеге салмақ түскенде, жүргенде, баспалдақпен көтеріліп-түскенде кешке қарай күшейе түседі. Ал түнде тынышталады. Егер салқын тисе, ауа райы бұзылса ауырады.

Саусақ буындарының зақымдануы кезінде шеткі және ортаңғы фалангааралық буындар бұзылады. Остеофитте буынның сыртында түйін пайда болады. Түйіндер шығар алдында буындар біраз уақыт ашып, шаншып, ұйып ауырады. Бірақ түйіндер шыққан соң бұл белгілер басылады. Түйінді остеоартроз тұқым қуалауға бейім, әсіресе, әйелдер тарапынан бірнеше ұрпаққа таралады. Суық суға қолды малғанда, буындар ісініп қызарады. Аурудың асқыну сатысында саусақтың ұшы қисаяды. Кейде остеофит тек түйін сияқты болып қоймай, буынды жағалай өсіп, сақина тәрізденеді. Аурудың алдын алу үшін зақымданған буындарға күш түсірмеу керек. Ұзақ жүруге, тұруға (жүргеннен гөрі тұрған қиындау), баспалдақпен жиі көтеріліп, түсуге тыйым салынады. Жүріс арасында 5-10 минут тынығу және таяққа немесе балдаққа сүйеніп жүру қажет. Буынға түсетін салмақты азайтудың келесі бір жолы – дене салмағын қалыпқа келтіру. Арықтау үшін гипокалориялық ем, жалпы массаж бен ашығу әдісі қолданылады.

Нұрбөбек САДЫҚОВ, дәрігер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp