«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗИЯНКЕСТЕР ОРМАНҒА ҚАУІП ТӨНДІРУДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мемлекеттік орман қоры жерлерінің ауданы 549,6 мың гектарды құрайды. Биыл ормандарда өскіндер мен екпелердi сақтау, олардың өнiмдiлiгiн арттыру, дiңiндегi зиянкестердің санын азайту және жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында санитарлық-сауықтыру шаралары жүргізілді. Атап айтқанда, 362 гектар аумақтағы қураған ағаш кесілді. Ал былтыр 3086 гектар жердегі ескі ағаштардың барлығы кесілген болатын. 800 текше метр зақымдалған, дауыл құлатқан сүрек пен 680 гектар алқаптан қоқыс жиналды.

Зиянкестер келтірген залалға қарамастан, облыс ормандарының жалпы санитарлық жағдайы қанағаттанарлық деуге болады. 2018 жылдың басында облыстың 290,2 гектар аумағында орман зиянкестерiнiң таралу ошағы тіркелді. Соның iшiнде 228 гектар алқапта жұпсыз жiбек құрты және 62,2 гектар алаңда көктерек айдарлы көбелегi табылды.

Бұл аумақта орман зиянкестерiнің алдын алуға арналған шаралар қолға алынды. “GAFFINI” газ генераторы орнатылған “МТЗ-82” тракторының көмегімен алқаптар жерүсті тәсілімен өңделді.

2014-2018 жылдар аралығында өңір аумағында жауын-шашынның көп түсуінен, сондай-ақ, қар жамылғысының қалың болуынан жерасты суы көтерiлген еді. Соның салдарынан бірқатар орман екпелерi шiрiп кеттi. Судан шiрiген ағаштардың жалпы аумағы 22068 гектарды құрады. Тоғайларға орман-патологиялық зерттеу жүргiзу мақсатында Көкшетау аймақтық орман тұқымы станциясының мамандары шақырылды.

2019 жылдың 1 қаңтары күнгі жағдай бойынша орман шаруашылықтары жүргізген мониторингке сәйкес 240 гектар алқапқа бактериялық оба жайылған.

Екпеағаштарға мiндеттi түрде орман-патологиялық зерттеу жұмыстары жүргiзiледi. Тексеру кезiнде ағаштардың зақымдалуының себебi анықталады. Жалпы өңір бойынша 103,7 мың гектар аумақтың екпеағаштары тексерiлдi.

Қайролла БАЙТЕҢІЗОВ, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp