«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАННЫҢ ҚАСИЕТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жазда ауылға барып, туған-туысты аралап, марқұмдарға зиярат ету көп адамның қашаннан қалыптасқан әдеті болса керек. Сонда байқағаным, ауылдағы көне зираттарда төңкерілген қазан жатады. Бірі – моланың ішінде, тағы бірі қабір шұңқыры үстінде. Үлкендер бұрын мәйіт басындағы төңкерілген қазан марқұмның артында тұяғы қалмады, оты өшті дегенді білдіреді дейтін. Иә, артында мирасқоры қалмаған соң қара қазанын басына төңкеріп кетеді екен. Ата-әжелеріміздің “Қазанды төңкерме” деп ұрсатыны бекер емес екен…

Рас, қазақтың қазанға қатысты ырымдары көп. Қазақ қызға ешқашан қазан бермеген. Қайтыс болған адамның моласы бұзылса, түске кіріп мазаласа, басына қазан апарып қойған. Сол сияқты, қайтқан кісінің соңынан тұқымдары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен өле берсе, Құран оқытып, басына қазан төңкерткен. Біздің қазақта қазанға қатысты тағы бір ырым бар. Суға батып кеткен адамды қазан арқылы табады. Адам суға кетсе, үйіндегі қазанын төңкеріп суға жібереді. Алланың құдіретін қараңызшы, әлгі қазан адам батқан жерді айнала жүзіп тұрады.

Қазақтың таным-түсінігінде қазанның алатын орны ерекше. Мысалы, Түркістандағы тайқазанды алайықшы. Бұл тайқазан – берік дәстүрден тамыр алып, исламдық мәнмен астасқан көне мұрамыз, тұтастығымыздың, игілікті істердің символы. Тайқазан сонау 1399 жылы сирек кездесетін жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйылған. “Кімде-кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, Алла тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды” деген хадис бар. Соған қарағанда, бұл тайқазан кесененің бір бұрышына жай жәдігер ретінде қою үшін емес, осы хадиске амал ету үшін жасалған сияқты…

Негізінде, мұндай алып қазан жасау дәстүрі сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінде де болған екен. Қазақ береке мен бірліктің белгісі санағандықтан, мұндай алып қазанды билеушілер мен әскербасылардың қабіріне қойған. Зиярат етіп келген адам қазандағы суды ішіп шөлін басып, қабір иесіне дұға бағыштаған. Бейіт басындағы қазанға қарап, марқұмның жай адам емес, ел билеген көсем, жау жапырған батыр болғанын білген.

Бұрындары сақ елінің бірлігі бұзылып, ел ішін алауыздық жайлай бастапты. Сол кезде ел көсемдері халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырады. Сақ сарбаздары жебелерінің мыс масағын жинап, балқытып, содан алып қазан құйған. Сол қазанға пісірілген тағамнан дәм татқан сақтар өкпе-наздарын ұмытып, қазан басында қайтадан татуласқан. Мұны тарихтың атасы Геродот: “Сақ патшасы Арриант жауынгерлерінің бүкіл жебесін бір жерге жинап балқытқызып, үлкен қазан құйдырған да, оны елден ерек қызметкерінің құзырына қаратқан” деп жазады. Қазан қазақтың қорғаны да болды. “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” заманында босқан халық бауырындағы баласын төңкерілген қазан астына жасырып, аман алып қалған.

Қазақ ұғымында қазаннан айырылу құт-берекеден айырылумен бірдей. Сол сияқты, біреудің қазанын тартып алу масқара іс болып саналған. Тарихта Олжабай бастаған батырлардың Ботаханды тірідей жерге көміп қазанын алып кететіні соның мысалы. Тағы бір мысал, Абылай хан Көкшетаудан көшкенде Бекболат бидің қуып келетінін біліп, өз қара қазанын жұртына тастап кетеді. Мұны Бекболат би дұрыс түсініп, атының басын кері бұрған. Міне, біздің бабалар қарапайым қазан арқылы үлкен философиялық ой-толғамдарды жеткізуші еді.

Қарғыстың да жаманын қазақ қазанмен байланыстырады. “Қазаның басыңа төңкерілсін”, “қазаның қайнамасын” дейді. Сол сияқты, жақсы тілегіміз де қазанмен қатысты. “Қазаның ортаймасын”, “ошағыңның оты өшпесін”, “қазан толсын” деп тілейді. Бәрі де бекер емес екен-ау!

Қазанға байланысты салт-жоралғыларымыз да жеткілікті. Соның бірі “қазан шегелеу” салты. Әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып, “осы үйдің қазанын шегелей келдік” дейді екен. Сонда үй иесі де әзілдеп: “Жақсы болды ғой, өзіміз де қазан шегелегіш шебер іздеп жүр едік” деп төрге шығарып, қонақжайлылық танытқан. Яғни, “қазан шегелеу” қонақ бола келдік дегенді білдірген.

Қазақта “айрылыс қазан” деген де салт бар. Ұзақ уақыт қоныстас, ауылдас болған адамдар басқа жаққа қоныс аударар алдында ел-жұртты шақырып ас берген. Міне, осы ас “айрылыс қазан” делінеді. Әз Тәукенің “Жеті жарғысында” өлім жазасына кесілген жанның жеті айып төлеп құтыла алатыны айтылады. Соның алғашқысы – қара қазан төлеу.

Міне, осыларды көріп тұрып, қазақ пен қазан ұғымын қалай егіз демессің! Өкінішке қарай, біз осы ұлттық құндылығымызды жоғалтып алғандаймыз. Ауылда өскен қара баланы жетілдірген қара қазан еді ғой.

Серікбол ХАСАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp