«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӘКЕМ ЖАЙЛЫ БАЛАЛАРЫМА ДА АЙТПАДЫМ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алаштың ардақты ұлдарының бірі, ақын, жазушы Міржақып Дулатовтың есімі азаттықтың арайлы таңымен бірге қайта оралып, қилы ғұмырының ақтаңдақтары ашыла бастады. Назарларыңызға айтулы тұлғаның қызы, марқұм Гүлнәр Дулатованың күнделігінен үзінді ұсынып отырмыз.

Мен өзімді тым ерте үш-төрт жасымнан біле бастадым. Әкемнің түрмеде отыруы, үйде болмауы, шешем екеуміздің қасірет шегіп, Семей, Атбасар, Көкшетауда апаларының үйінде тұруымыз бала болсам да жаныма бататынды, көкірегімді шерге толтырып, әртүрлі ойлар мазалап, қамығып уайымдайтынмын.

* * *

Менің балалық дәуірімнің қасіретсіз күндері көп болған жоқ, жеті жылдай ғана көңілді жүрдік. Бұл 1922 жылдан 1928 жылға дейінгі аралық. Осы тұста көп жыл армандаған күндер туды. Отбасымыз бірігіп, біз үшін бақытты да, қызықты да болып саналатын шақ Орынбордан басталып, Қызылордада жалғасты. Әкем бас бостандығы бар кезін пайдаланып халқының қамын ойлап, жанталасып, тыным таппай Тәшкент, Түркістан, Семей, Омбы, Қызылжар, Минск, Петербург, т.б. қалаларды кезіп жүретін.

* * *

Зылиқа (М.Жұмабаевтың зайыбы) апайды бұрыннан, яғни 1970 жылдардан бері танитын ем, арада талай жыл өтіп, 1989 жылдың ақпан айында қайтадан табыстым. “Папамды жақсы білесіз бе?” – деп сұрадым. Зылиқа апа: “Білгенде қандай, папаң Мағжан екеуміздің тойымызда болған”, – деді.

***

Әкем басына келген қауіпті елең қылмай аса сабырлы, байсалды қалпымен мұңайып жылап тұрған бізді жұбатып: “Жыламаңдар, балаларым, тағдырдың тәлкегі адамды әлі талай қиын белес­терден өткізеді, шыдап берік болыңдар. Сендер әлі-ақ ержетесіңдер, сол кезде бәрін түсінер­сіңдер, бақытты болыңдар, оқуларыңды үзбеңдер, мамаларыңды ренжітпесеңдер болғаны”, – деп қоштасып, бәрімізді сүйіп, өзін айнала қоршаған алты адамның ортасында кете барды.

* * *

Әкем соңғы рет ұсталып кеткенде, Ғайнижа­мал шешемнің жасы небары отыз үште еді. Ерлі-зайыпты Дулатовтар неке қиып, 1914 жылы қосылғаннан бері бірге тұрып, қызықты өмір сүрген мерзімі ұзаққа созылған емес.

* * *

Біздің Сатыбалдиевтер отбасында өз басым төрт баланың анасы болғаннан бері өткен аумалы-төкпелі заманның ыңғайына қарап келдім. Қырағы саясатқа тура келмейтін, атынан бүкіл қазақ баласы шошитын “Алаш” партиясы туралы, оның басты лидерлері кімдер болғаны, өз әкем М.Дулатов жайлы балаларыма соңғы жылдарға дейін үй ішінде әңгіме қозғамай келдім. Ең басты себебі – олардың ержетіп, сана-сезімінің толысып өсуін күттім.

* * *

Жасыратыны жоқ, 13-ке толғанымда “халық жауының” қызы атандым, жазықсыз басыма кінә тағып қудалау басталды… Жұрт қатарлы сүйікті әкемнің атын атап, еске алып, ашық айту деген менің пешенеме жазылмады.

* * *

Аталарың ел-жұрттың қамын жеймін, ақыл-ойын оятамын деп тыным таппаған кісі. Бүкіл қазақтың кең-байтақ даласының тең жартысын салт атпен жүріп, жол азабын көрген жолаушы әрі саяхатшы, болмаған жері жоқ, жұртпен біте қайнасып араласқан кісі.

***

“Шешем қайтыс болғанда мен екі жаста екенмін”, – дейтін әкем – Қыстың мезгілі… Сол түні кебінге оралған шешемнің қасында жатып ұйықтап қалыппын…”.

* * *

“Ертең күйеуіңді жүргізеді (Қызылор­дадан)”, – дегенді мамам ести сала даярлана бастады… шеттегі тұйықта (тупик) тұрған жалғыз қызыл вагон. Жанында мылтықты екі күзетші солдат тұр… Сол мезгілде вагонның темір торлы кі­шірек келген терезесінен папам көрінді. Бізге қолын бұлғап сөйлеп тұрды… не айтып тұрғанын ести алмадық… Бұл мәңгі есімнен шықпайтын күні 1929 жыл маусымының жиырма төрті.

* * *

Кітапсыз бір күн тұра алмай келемін, бұл жақсы қасиетті бойыма сіңірген менің ардақты анам – Ғайнижамал болса, бұл әдет – кітапқұмарлық өз балаларыма да дарығанына қуанамын. Сөйтіп, бір күні белгілі ақын Сәбит Дөнентаевтың 1989 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан “Ұрпағыма айтарым” атты кітабын оқуға кірістім. Бас көтермей сүйсіне оқып отырып, отыз екінші бетіне жеткенде өзіме таныс әкем Міржақыптың “Сағыну”, “Елім-ай”, “Әбупирастан”, “Шәкірт” атты өлеңдері көзіме оттай басылды. Бұл қалай?

* * *

Міржақыптан қалған жалғыз болғандықтан, өзімді әке өмірінің жалғасындай көріп, фамилиясын өшірмей, Гүлнәр Дулатова болып өмір сүріп келемін. Кешегі сөз – “Оян, қазақ!” болса, енді оянған халыққа айтар бүгінгі сөз – “Ойлан, қазақ!”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp