«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде жіті респираторлық вирусты инфекцияның таралу көрсеткіші өткен жылға қарағанда, 8,8 пайызға төмен. Яғни, 2018-2019 жылдардағы эпидемиялық маусымда 18920 адам вирус жұқтырған. Олардың дені – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал 60 адам тұмауға шалдығып, оның 98,3 пайызында аурудың “А” және “В” типі анықталды. Тұрғындардың әлсіз тобын иммундау үшін 2018 жылы жергілікті бюджеттен 51 миллион теңге бөлініп, тәуекел тобына жататын 60 мыңға жуық адамға екпе егілді.

Жалпы облыс бойынша 70 мыңнан астам тұрғын тұмауға қарсы екпе алды. Олардың қатарында жұмыс берушілер мен өз есебінен ақылы түрде екпе алғандар бар. Бұл орайда медициналық қызметкерлер де иммундаудан өткенін айтқан жөн. Өткен жылы жүкті әйелдердің тұмауға қарсы екпе алуына ерекше назар аударылды. Жүктіліктің екінші және үшінші кезеңіндегі 1011 әйелге екпе салынды.

Жіті респираторлық вирусты инфекция мен тұмаудың алдын алу үшін облыстық білім басқармасына, Петропавл қалалық білім бөлімі мен өзге де мекемелерге әдістемелік ұсыным хаттар жіберілді. Білім ордалары мен балабақшаларда балалар саны күн сайын бақылауға алынып, тазалық тәртібі қатаң қадағалануда. Мектепке дейінгі және білім беру, медициналық ұйымдар мен балалар, қарттар үйлерінде температуралық режім жіті бақылауда.

Ауру таралу маусымында эпидемиологиялық жағдай ушықса, денсаулық сақтау мекемелерінде де карантин жарияланып, санитарлық іс-шаралар күшейтіледі. Жоспарлы және диспансерлік есепте тұрған науқастарды қабылдауды уақытша шектеу қажет. Өйткені, тұмау жұқтырған адам жөтелгенде не түшкіргенде ауаға вирус тарайды. Сондықтан сақтық шараларын қатаң ескерген жөн. Сырқат адаммен ара қашықтықты сақтауға тырысу керек. Қолды жиі сабындап жуып, бөлмені желдету қажет. Таза ауада серуендеу де пайдалы. Тұмаудың алдын алу үшін жеке бастың гигиенасын сақтап, қоғамда вирустың таралуына жол бермеу маңызды. Тұмауды дер кезінде емдеу тиімді. Емдеу мекемелерінде сақтық шаралары қатаң ескерілуде.

Қазір емханалардың жұмыс уақыты ұзартылып, “тікелей байланыс” телефоны арқылы адамдарға кеңес берілуде. Жіті респираторлық вирусты инфекцияға шалдыққан науқастарды қабылдау үшін қосымша орын бөлініп, балалар мен жүкті әйелдерді үйде медициналық тексеруден өткізу ұйымдастырылды. Тұмаумен ауырған екіқабат әйелдер мен күрделі жағдайға тап болған адамдардың тізімі облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне жолдануы тиіс. Егер аурулар жаппай таралатын болса, аудандық ауруханалардағы бөлімшелерде қосымша орындар қарастырылған. Медициналық ұйымдар мен облыстағы дәріханаларда тұмауға қарсы дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.

Күлпәш ТАЛАСБАЕВА, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы.

Сурет интернеттен алынды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp