«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛ ҚҰНДЫЛЫҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өшкенімізді жаңғыртып, жоғалтқанымызды түгендеп, алдағы дамуымызға бағыт-бағдар берген “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласы – қоғамға ерекше серпіліс әкелген маңызды құжат.

Өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарымызды сақтау – ата-салтымыздан ажырап қалмаудың ең басты жолы. Сондықтан руханиятты, ұлттық мұраны ұлықтаудың біз үшін маңызы зор.

Рухани жаңғыру ұлттық салт-дәстүрді, әдебиет пен мәдениетті қайта түлету деген асыл ұғымға келіп саяды. Ал ұлтымыздың асыл құндылықтарын сақтап, жинақтайтын орын кітапхана екені белгілі. Замана толқынында адамзаттың тұрмысына сай жаңарып, санасына қарай кемелденіп отырған кітапхана бүгінгі күні озық ақпараттық технологиялар дәуірлеген уақыт ағымымен қатар дамуда. Осындай рухани ошақтың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы.

Кітапхана білім мен ақпарат таратушы орын болғандықтан, мемлекетіміздің барлық маңызды істерін қолдап, жүзеге асыруға атсалысады. Рухани ордада жыл бойы оқушылардың, ата-аналар мен жастардың қатысуымен ауқымды шаралар өтеді. Өскелең ұрпақтың білім алуына, уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау – біздің басты міндетіміз.

Кітапхана қорын жаңа әдебиеттермен, газет-журналдармен толықтыруға көп көңіл бөлінеді. Оқырмандардың жас ерекшеліктеріне қарай олардың қызығушылығын тудыратын танымдық басылымдар мен қазақстандық және әлемдік әдебиеттер аз емес.

Қазір сандық технология заманы. Кітапхана жұмысын жетілдіріп, заманауи технологиялардың кең қолданысқа енуіне жағдай жасау бүгінгі күннің басты талабы саналады. Бұл орайда бүлдіршіндердің танымдық әрі әдістемелік ойыншық түрінде шығарылған кітаптарға қызығушылығы ерекше екенін айтқым келеді. Бізде тек танымдық, көркем әдебиеттер ғана емес, елімізде болып жатқан саяси, тарихи, мәдени оқиғалардан хабар беретін ақпараттар да кеңінен қамтылған.

Жасыратыны жоқ, қазір жастардың арасында кітап оқу бәсең. Бұл мәселе көпшілікті толғандырып отыр. Сондықтан жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырудамыз. Жаңа форматтағы онлайн конференциялар, әдеби марафон, жыр сайыстары мен түрлі кездесулер өткізіледі. Кітапхананың шығармашылық бастамаларына білім мен тәрбие беру мекемелері, жастар ресурстық орталығы, “Жас Отан” жастар қанаты мен ардагерлер ұйымдары әрқашан қолдау білдіреді. Біздің мамандар аталған ұйым қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, жастардың кітап оқуға деген құлшыныстарын арттыруға септесуде.

Бәсекеге қабілетті, озық ойлы жастарды тәрбиелеуге, оларды жарқын болашаққа жетелеуге біз барынша күш салудамыз. Келушілердің уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасау мақсатында кітапханада “Bilim ortalуgу” атты коворкинг орталық ашылды. Бұл жобаны “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы мен “Өзінше” білім беру орталығы бірлесе жүзеге асырды. Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының негізінде құрылған мұндай орталықтар жастардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, олардың елжанды, отансүйгіш болып өсулеріне ықпал етеді.

Бұл жерде әрбір адам өзінің сүйікті ісімен айналысып, “дөңгелек үстелге” қатысып, жаңа кітаптармен танысып, пікірталас сайыстарын өткізе алады. Жас оқырмандар ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту үшін қазақ тілі курстарына жазылып, “АРТ-студия”, робототехника мен тағы басқа да үйірмелерге қатысу арқылы шығармашылығын шыңдау мүмкіндігіне ие. Шығармашылық үйірмелер балалардың жан-жақты дамуына зор ықпал етеді.

“Туған жер” бағдарламасы бойынша жас оқырмандарға туған өлкенің тарихын, әдебиетін, мәдениеті мен ұлы тұлғаларын, еңбек адамдарын насихаттау мақсатында “Туған ел – тұнған шежіре”, “Есіл өңірінің соқпақтары” атты жобалар қолға алынғанын мақтанышпен айтуға болады. Жақында кітапханада жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевты еске алу кеші өтіп, кішкентай оқырмандарымыз талант иесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы тың деректермен танысты. Алдағы уақытта Қызылжар топырағынан шыққан қаламгерлер жайлы танымдық кештерді жиі өткізу қолға алынбақ.

Өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып отырғандықтан, “Рухани жаңғырудың” жалғасы болып табылатын “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаланың да маңызы туралы айта кету артық болмас. Ұлттың ұлылығы төл тарихында емес пе? Руханиятқа олжа салған бұл жоба дер кезінде жүзеге асырылып келеді.

Биыл “Жастар жылы” жарияланып, кітапхана жұмысы да жаңа бағытқа бетбұрыс жасады. Бізге жастарды төл тарихты жетік білуге, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелейтін шараларды көптеп өткізу міндеті жүктелді. Бұл орайда кітапхана жанынан құрылған “Жас қаламгер” клубының жұмысын жандандырып, “Елінің еркесі – Ерік” атты жас ақындардың аймақаралық жыр мүшайрасын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жас оқырмандарға қолжетімді және сапалы білім беруді дамытуға арналған шараларды, әр салада жетістікке жеткен тұлғалармен кездесулер ұйымдастыратын боламыз. Спортты, кәсіпкерлікті дамытуға арналған, сондай-ақ, қаржылық сауаттылықты арттыру үшін “Бизнес және жастар: сөзден іске” атты конференция өткізу де ойда бар.

Қазақстанның болашағы – жас ұрпақтың еншісінде. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанның жарқын келешегі жолында жастарымыз аянбай қызмет етуі тиіс. Ол үшін болашақтың бағбандарының терең білімді, сауатты болғандары маңызды.

Көгершін БЕРДАҒҰЛОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp