«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ БЮДЖЕТІ БАҚЫЛАУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын өңірімізде жүзеге асыру үшін жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Бұл жалпыхалықтық іске тұрғындарды да қатыстыру маңызды болып саналады. Осы мақсатта агенттік былтыр “Қоғамдық бақылау картасы” жобасын іске қосқан болатын.

“Қоғамдық бақылау картасы” жобасының мәні мен тұжырымдамасы – қарапайым әрі түсінікті. Жобаның басты мақсаты жол, әлеуметтік нысандардың құрылысы, мемлекеттік қызмет көрсету, көгалдандыру және басқа да салаларда қоғамдық бақылау жүргізу болып табылады.

Елбасының тапсырмаларына сәйкес 2018 жылдан елді мекендердің дербес бюджеттері құрылып, жұмыс жасауда. Сондықтан осы мәселеде де “Қоғамдық бақылау картасы” жобасының маңызы зор әрі өзектілігі жоғары болып отыр. Ал бұл жоба ауылдық елді мекендерде құрылған бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын көздейді.

Жоба аясында бақылау үш түрлі тәсіл арқылы жүргізілуде. Біріншіден, “Қоғамдық бақылау картасын” қалыптастырудың қарапайым және күрделі емес тәсілдерінің бірі – әлеуметтік желілер мен телефон байланысын пайдалану. Осыған сәйкес қоғамдық бақылау картасы жалпыға белгілі әлеуметтік желілер мен біздің байланыс орталығымыз, яғни Сall-орталық негізінде құрылып отыр. Бұл үшін департаменттің “What’sapp” және “Telegram” мессенджерлері мен “ВКонтакте”, “Facebook” және “Instagram” әлеуметтік желілеріндегі аккаунттары, сонымен қатар, департаменттің Call-орталығы құрылды. Сонымен қатар азаматтар фотосуреттермен бірге бейнематериалдарды да жібере алады. Екінші жолы – қоғамдық бақылау картасын азаматтарға арналған “Qamqor” қосымшасы арқылы жүргізу көзделуде. Үшінші жолы аудандарда құрылған арнайы мониторингтік топтар арқылы жүргізілетін болады. Бұл жоба шеңберінде облысымызда 8-707-564-14-24 бірыңғай телефоны орнатылды.

Аталған жолдар арқылы былтыр біздің департаментке 131 адамнан өтініш келіп түсті. Олардың барлығы назардан тыс қалмай, өкілетті органдарға жолданып, тиісті шешімдер шығарылып, жауаптар алынды. Содан кейін өтініш иелеріне нәтижесі хабарланды. Мәселен, қала тұрғындары Қаныш Сәтбаев көшесінің бойындағы №32 орта мектептің маңы қардан тазаланбайтынына шағымданған еді. Қазір бұл кемшілік түзетілді. “Ласточка” балабақшасындағы жылыту жүйесінің жұмысына бір ата-ана шағымданды. Петропавл қалалық білім бөлімі берген жауапқа сәйкес қазір балабақшадағы жылыту жүйесін жөндеу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалып жатыр, оған тиісті қаржы бөлінбек.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің қызметкерлері үстіміздегі жылы жобаның “Қызылжар – адалдық алаңы” атты екінші бағытын жүзеге асыруда.

Серік АЙДАРБЕКОВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басқарма басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp