«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРҒАЙЫҢДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданындағы “Жарғайың СҚ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен үлескерлер арасындағы текетіреске нүкте қойылар емес. Редакцияға хабарласқан ауыл тұрғыны Таупық Ерманов елді мекенге қаржылай қолдау көрсетпек түгіл, ауыл азаматтарын жұмысқа алмай отырған инвестордан 15 жылдан бері өздеріне тиесілі жер телімдерін қайтара алмай жүргендердің қатары қалың екенін жеткізді. Серіктестіктің кейбір мүшелері сотқа шағым түсіргенімен, бірнеше жылдан бері дауға нүкте қойылмаған.

Әңгімені әріден бастаған жөн болар. Елімізде жаппай жекешелендіру басталған тоқсаныншы жылдары Жарғайың ауылының тұрғындарына егістік, жайылымдық және шабындық жерлер бөлініп берілген. Ауыл тұрғындарының кейбірі 5-6, тіпті, 9-10 гектардан егістік жер үлесін алды. Осы тұста тұрғындар серіктестік құруға шешім қабылдайды. Сөйтіп, 3243 гектар жері бар “Жарғайың СҚ” ЖШС-і құрылып, ауыл тұрғыны Серік Мырзахметов директор болып сайланады.

Егін егіп, пай үлестіруге мұршасы келмеген Серік Жәкенұлы 2001 жылы өзіне сеніп тапсырылған жерді “Голден грейн гроуп” атты шетелдік алпауыт астық компаниясына жалға берген. Бірақ жалға алынған жерге дәнді дақыл егіп, пайда көрген компания екі жылдан кейін белгісіз себептермен келісімшартта көрсетілген міндеттерінен бас тартып, 3243 гектар жерді “Жарғайың СҚ” ЖШС-нің директорына қайтарып берген. Ал Серік Мырзахметов болса, қолында тұрғындардың рұқсат беретін құжатының жоқтығына қарамастан 2003 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жыл уақытша пайдалану құқығын беретін құжат рәсімдейді.

Ауыл тұрғындарының жері осы күнге дейін “Жарғайың СҚ” ЖШС-нің қолында болғанымен, соңғы кезге дейін ауылға ешқандай қамқорлық көрсетілмей келген. Жарғайыңдықтардың көктемгі егіс пен күзгі орақ кезінде ғана төбе көрсететін серіктестік басшысына деген өкпелері қара қазандай. Ол күзде танаптардан жинаған астығын алып, “ізін суытуды” үйреншікті әдетіне айналдырған.

Ауылда бүгінде отызға жетер-жетпес шаңырақ қалған. “Болашағы жоқ” ауылдардың қатарын толықтыруға аз-ақ қалғанда елді мекеннің қамын ойлайтын инвестор табылады. Бүгіндері осы ауылдың тумасы Дулат Қалитов бүтіндей бір елді мекенге қамқоршы болып отыр. Ол отыз жылдан бері жырақта жүрсе де, кіндік қаны тамған ауылына оралып, “Данияр-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Жаңа инвесторға ауыл тұрғындарының алғыстары шексіз.

– Бүгінде жаңа шаруашылықтың үш мың гектардан астам жері бар. Оның 2800 гектарына дәнді дақыл егіледі. Бастапқыда инвестор 145 млн. теңге өз қаражатына 37 ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын сатып алды. Бүгіндері Жарғайың, Өрнек, Мектеп ауылдарының қырыққа жуық тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Еңбекақымыз уақытында беріледі, – дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Барашұлы.

Ауылға арнайы барғанымызда серіктестік басшылығының егіншілікпен қатар мал шаруашылығын да қолға алып отырғанына куә болдық. Кәсіпкер былтырлары қара малдың экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында жергілікті тұрғындардан сатып алған бір жүз тайыншаға төрт асылтұқымды бұқа қосқан. Бүгіндері жобалық құны 30 млн. теңгені құрайтын мал шаруашылығы кешені салынған. Кәсіпкер жыл басында сүт және қымыз өңдеу цехын іске қосқан болатын. Дулат Қажыкенұлының айтуынша, Ресейдің құрал-жабдықтары орнатылған өндіріс орны пайдалануға берілгеннен кейін тағы да жиырма шақты ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі туған.

Бірақ жаңа инвестордың иелігіндегі жердің басым бөлігі көрші ауылдардың тұрғындарына тиесілі. Алайда, оның қолдауын негізінен Жарғайың ауылының тұрғындары көріп отыр. Бүгінге дейін агроқұрылым басшысы туған ауылына 350 млн. теңге инвестициялық қаржы құйды. “Жарғайың СҚ” серіктестігінің құрамындағы 270 үлескердің 170-і бір жарым мың гектар жерімен “Данияр-Агро” шаруашылығына қосылуға бел буғанымен тұрғындардың бұл талпынысынан нәтиже шығар емес.

Ашынған ауыл тұрғындарының айтуларынша, былтырғы жылдың желтоқсан айында Серік Мырзахметов серіктестік құрамынан шығуға ниет білдірген әр тұрғыннан 200 мың теңгеден өтемақы талап еткен. Басшының пікірінше, өз телімдерін берген жарғайыңдықтар тек пайдасын ғана емес, шығындарын да бөлісуі тиіс екен. Жағдайы жүдеп тұрған ауыл тұрғындарында мұндай қаражат қайдан болсын?

Аудан әкімдігінің мамандары да бұл орайда еш көмек көрсетілмейтінін ашық айтып отыр.

– Жарғайың ауылында орын алып жатқан жағдайды жақсы білеміз. Істі ауданаралық экономикалық сот қарап жатыр. Біз араласа алмаймыз. Қазір заңға енген өзгертулерге байланысты бізде мұндай құзырет жоқ. Ең бастысы, серіктестік қарамағындағы жерлер банк кепілдігінде емес. Ендігі кезекте ауыл тұрғындарының өздері инвесторлармен келісіп, ортақ бір шешімге келулері керек, – дейді Есіл ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Александр Кравчук.

Бірақ даудың бітер түрі жоқ. Бүгінге дейін бірнеше сот отырысы өтті. Былтыр “Жарғайың СҚ” ЖШС-і пай иелерінің заңды өкілі Нұрсұлу Жапарова, серіктестік директоры Серік Мырзахметов Есіл ауданаралық экономикалық сотының бітімгер судьясы Д.Омаровтың қабылдауында болған. Кездесу барысында кәсіпкер серіктестіктің атында пай иелерінің ешқандай да жері жоқ екендігін айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарады.

– “Голден грей гроуп” ЖШС-нен жерді қайтарып алғаннан кейін Серік Мырзахметов 2004 жылдың 9 қарашасында жасырын жиналыс өткізген. Жиында серіктестіктің жарғылық капиталы 6,1 млн. теңге болып бекітілген. Шаруашылық құрамына басшы 3243 гектар, Кенжеғалиевтар отбасы 283 гектар, ал Едрісовтер әулеті 97 гектар жер телімімен кірген. Ал ауыл тұрғындарының атында ешқандай жер жоқ болып шықты. Серіктестік директоры 270 азаматтың әрқайсысының атынан 1142 теңге төлеп, шаруашылықтың мүшелігіне алған. Яғни, жерлестеріне ескертпестен жердің 95 пайызын өз атына түсіріп алған, – дейді Нұрсұлу Жапарова.

Ауыл тұрғыны Таупық Ерманов – серіктестіктің құрамынан шыға алмай жүрген азаматтың бірі. Қазіргі уақытта “Данияр Агро” ЖШС-інде жұмыс істейтін оның айтуынша, “Жарғайың СҚ” серіктестігінің құрамында 13,9 гектар жері бар. Бірақ одан еш пайда жоқ, ауылға да қолдау көрсетуге құлық танытпай отырғаны қынжылтады. Сондай-ақ, “Жергілікті жігіттердің жұмысқа икемі жоқ, көбі маскүнем” деген сылтаумен жұмысшыларды басқа жақтан әкелуді әдетке айналдырған. Нәтижесінде аудан орталығына немесе Петропавл қаласына көшіп, бақытын жат жерден іздегендердің қатары көбейген. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, оқушылардың жетіспеушілігінен ауыл мектебінің жабылып қалуы тұрғындардың қабырғасын қайыстырып отыр. Сөйтiп, бүгiнде ауылдың қарапайым тұрғындары “iс бiттi, қу кеттiнiң” кебiн киюде.

Біз Алматы ауылдық округiнің әкімі Ләззат Ботинамен телефон арқылы хабарласып, дауға қатысты пікірін білдік. Ол бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан теке-тірестің бүгін-ертең аяқталарына күмәнмен қарайды.

– Жарғайың, Өрнек, Мектеп ауылдарының тұрғындары негізінен дәнді және майлы дақылдар егіп, мал шаруашылығын дамытып отырған “Данияр-Агро” ЖШС-де жұмыс істейді. Жарғайыңдықтар ауылдың дамуына жағдай жасап отырған жаңа инвесторға дән риза. Алайда, бірнеше жылға созылған жер дауы әлі де шешімін табар емес, – дейді Ләззат Парейқызы.

Бұл мақаланы жазу барысында Серік Мырзахметовтің де пікірін білуге тырысқан едік, ол әңгімелесуден бас тартты. Бүгінде қалада тұратын азаматтың туған ауылын түлетудің орнына, еңбек етіп, елді мекенді көркейтемін деген адамдарға кесірін тигізіп отырғаны түсініксіз.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp