«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУЫНГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай Жастар сарайында салтанатты шара өтіп, оған өңіріміздегі интернационалист-жауынгерлер жиналды.

Салтанатты шара қонақтарын облыстық мәслихат хатшысы Владимир Бубенко құттықтап, ізгі тілегін арнады.

– Ауған соғысы – Кеңес одағы тұсындағы тарихтың қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, он жылға жуық соғыс жүргізді. Интернационалдық міндетін орындап, бөтен ел мүддесін қорғаған әскерилер құрамында 22 269 қазақстандық жауынгер болды. Олардың бір жарым мыңы солтүстікқазақстандықтар еді, – деді Владимир Бубенко өз сөзінде.

Қақтығыс салдарынан 15 мың адам қаза тауып, 50 мыңнан астамы елдеріне жаралы оралды. 86 қазақстандық Кеңес одағының батыры атағын алды.

Сұрапыл соғыс жауынгерлерінің ерлігі ұмытылмақ емес. Шара барысында бір топ солтүстікқазақстандық ардагер мерекелік төсбелгілермен марапатталды, 37 интернационалист-жауынгерге өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасы табысталды. Жиналғандар ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шара жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты. Нариман Жолдасбеков, Евгений Щербаков, Данияр Қоспанов сынды әншілер ауған соғысы жауынгерлерінің ерліктері туралы әндер шырқады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР

Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінде “Ауғанстан – жүректегі жара” атты іс-шара өтті.

Халықтың басына қасірет әкелген бұл соғысқа Бостандық ауылынан Ерсін Сәтенов, Амангелді Салменов, Әсет Мурсалимов, Серғали Латыпов қатысқан болатын.

Сол өжет азаматтардың бірі Серғали Латыпов 1978 жылы Кеңес армиясы қатарына алынып, әскери қызметін алғашқыда Германияда, одан кейін 1979-1981 жылдар аралығында Ауғанстанда кеңес әскерлерінің шектеулі құрамында өткізді. Ауғанстанда Герат, Кандагар провинциясында 101-ші барлау батальонында әскери борышын запастағы капитан ретінде атқарды.

Мектеп оқушылары ардагерлерге зұлмат соғыс жайлы сұрақтарын қойып, оларға арнаған концерттік бағдарламасын ұсынды.

Мұрат ҚАРАБАТЫРОВ, Бостандық орта мектебі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp