«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫ СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Газетіміздің WHATSAPP желісіне шешімін таппай отырған мәселесін айтып, көмек сұрағандардың бірі – Айыртау ауданы Дәуқара ауылының тұрғыны Динара Нүрпейісова. Хатта көпбалалы ана былтырдан бері Күміс алқаға қол жеткізе алмай отырғанын жазған. Динара Таңатқызы 2018 жылдың 26 наурызында, яғни кенжесі бір жасқа толған соң Айыртау ауданының Сырымбет ауылдық округі әкімдігіне құжаттарын тапсырғанымен, бүгінгі күнге дейін мардымды жауап ала алмай отыр.

Құжаттарды қабылдаған Сырымбет ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу жөніндегі бас маманы Гүлмира Тайжігітова жарты жылдан астам уақыт бойы көпбалалы ананы әуре-сарсаңға салып қойған. Динара Нүрпейісова бізге жолдаған хатында: “Әкімдікке құжаттарымды тапсырып, үш ай өткеннен кейін Гүлмира Сейпешқызына алқа жөнінде білмек болып хабарластым. Ол маған “күтіңіз” деп жауапты қысқа қайырды. Ешқандай хабар болмады. Үш ай уақыт өткен соң әкімдікке қайта телефон шалдым. Бірақ мемлекеттік қызметші маған тағы да “күтіңіз” деп жауап қатты. Күттім. Бірақ еш нәтиже болмады. Кейін өзім әкімдікке барып, тапсырған құжаттарымның арнайы базаға мүлде енгізілмегенін анықтадым. “Неге әлі күнге дейін күміс алқа алуға өтініш білдіргендердің қатарында жоқпын?” деген сауалмен Гүлмира Тайжігітоваға қайта хабарласқанымда, ол құжаттарымды тапсырмағанын мойындап: “Балаларыңыздың тегі әртүрлі болғандықтан, ісіңіз көпке созылып кетті”, – деді. Егер Гүлмира Сейпешқызы осы жөнінде маған дер кезінде айтқанда, құжаттарды уақытында дұрыстап берер едім. Наурыздың 23-інде кенже ұлым екі жасқа толады. Осынша уақыт бойы төленетін жәрдемақыдан қағылғаным жаныма батады. Гүлмира Сейпешқызының жұмысына деген салғырттығынан зардап шегіп отырмын”, – дейді ана.

Осы мәселеге орай жауап алу мақсатында Айыртау ауданы әкімдігіне хабарласқан едік. Аудан әкімінің орынбасары Гүлмира Әбілқайырованың айтуынша, көпбалалы ананың құжаттары былтырғы жылдың қазан айында кері қайтарылған. Сонда Сырымбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлмира Тайжігітова 26 наурыздан қазан айына дейін, яғни жарты жыл бойы құжаттарды тиісті жерге жөнелтпей, жұмысына салғырт қарағаны ма? Қысқасы, 2018 жылдың 14 қарашасында ғана тапсырылған құжаттар “Мемлекеттік наградалар” ақпараттық жүйесіне енгізілген. Аудан әкімдігі қазіргі уақытта Динара Нүрпейісованың құжаттары Президент әкімшілігінің мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссиясында қарастырылып жатқанын айтты.

Көпбалалы ананы сергелдеңге салған маманның ісін тексеру үшін хатты мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне де жіберген едік. Аталмыш департамент басшысы Елена Степаненкодан жауап келді. Онда: “Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік наградалар туралы” Заңының 27, 28-баптарына сәйкес “Күміс алқа” көпбалалы аналарға арналған наградалар қатарына жатады. Алты бала туған және тәрбиелеп өсірген, алтыншы баласы бір жасқа толған аналар ғана медальды алу құқығына ие. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы №90 Өкімі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықтың 4-тармағы бойынша тиісті марапатқа ұсынылған көпбалалы анаға белгіленген үлгідегі награда қағазы толтырылады. Награда қағаздарын жұмыс істейтін аналарға жұмыс орны, ал жеке-дара еңбек ететіндер мен жұмыс істемейтін аналарға жергілікті атқарушы органдар толтырады және олардың қолтаңбасымен, мөрлерімен куәландырылады. Алайда, заңнамада және нұсқаулықта жергілікті атқарушы органдардың награда қағазын толтыру мерзімі нақты белгіленбеген. Дегенмен, Айыртау ауданы әкімі аппаратына Сырымбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлмира Тайжігітованың Динара Нүрпейісованың награда қағаздарын толтыруын және оның аудан әкімдігіне құжаттарын тапсыру мерзімін созу себептерін анықтап, заң бұзушылық анықталған жағдайда оған қатысты тиісті шара қолдану тапсырылды”, – делінген.

Біз де өз тарапымыздан бұл мемлекеттік қызметшіге қатысты қандай шара қолданылатынын назарда ұстап, алдағы уақытта оқырманға хабарлайтын боламыз.

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.

Біз өз кезегімізде оқырмандарымызды толғандырған сауалдарды тиісті органдарға жолдап, олардың жауабын газет бетінде жариялайтын боламыз. Хабарлама мәтіні түсінікті жазылып, оны жолдаушының аты-жөні, мекенжайы толық көрсетілуі қажет.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp