«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ ЖОБАЛАР — ІСКЕ СЕРПІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2018 жыл облысымыз үшін табысты болды. Өйткені, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші артып, кәсіпкерлік саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізілді, халықтың әлеуеті көтерілді. Облысымызда инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел экономикасын дамытудың алты басым бағытын айқындады. Жылдың басты құжатынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда облыста кешенді жұмыстар қолға алынды.

Қызылжар өңірінің инвестициялық мүмкіндіктері жыл санап артып келеді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, әлеуметтік нысандар салу, көлік және инженерлік коммуникацияларды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жаңғырту сияқты 12 бағыт бойынша нақты шаралар атқарылуда. Жалпы облыс көлемінде 64 жобаға 300 млрд. теңгенің инвестициясын тарту жоспарланып отыр. Бұл өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады деп күтілуде.

Қазіргі уақытта облысымызда 515 өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді, оның 39-ы былтыр ашылды. Өткен жылы өнеркәсіп өндірісі 2,2 пайызға артып, 250,7 млрд. теңгенің тауары шығарылды. Алайда, машина жасау саласының көрсеткіші 2017 жылмен салыстырғанда 15,6 пайызға кеміді. Былтыр 40,7 млрд. теңгенің тауары шығарылғанымен, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “С.М.Киров атындағы зауыт” және “ЗИКСТО” акционерлік қоғамдары жылдық жоспарды белгіленген межеден кем орындады.

Облыстық әкімдік кәсіпорындардың жұмысын жандандыру мақсатында Атырау және Маңғыстау өңірлерінің мұнай-газ саласындағы жер қойнауын пайдаланушылармен 5 млрд. теңгенің меморандумына қол қойды. Бұдан бөлек, темір жол саласы кәсіпорындарымен 12,5 млрд. теңгенің келісімшарты жасалды. Жергілікті кәсіпорындар “Биржа субконтрактов – 2018” форумы аясында мұнай-газ және энергетика салаларының ірі компанияларымен келіссөздер жүргізді.

Өңірдің машина жасау саласының негізгі тірегі болып табылатын бұл зауыттарда әлі күнге дейін тозығы жеткен станоктар аз емес. Былтырғы жылдың соңында “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” мен “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарына алдағы үш жылдың ішінде ел бюджетінен 6,7 млрд. теңге бағытталатыны белгілі болды. Алғашқы транш – 3,3 млрд. теңге екі зауытқа Тайвань, Германия, Оңтүстік Корея, Италия елдерінен 300-ден астам осызаманғы құрал-жабдық сатып алуға жұмсалмақ. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында зауыттар 2021 жылға қарай тауарлардың түрін 2 есе көбейту және бәсекеге қабілетті жаңа өнім түрлерін шығару мүмкіндігіне ие болады.

Былтыр жасалған меморандумдар мен келісімшарттардың нәтижесінде кәсіпорындардың тапсырыс портфелі 20 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 30 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Үстіміздегі жылы саланың даму көрсеткішін сақтап, 272 млрд. теңгенің өнімін шығару көзделіп отыр.

Облыста индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүргізілуде. Соңғы жылдары инвестициялық жобалардың саны артты. Мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде 90,4 млрд. теңгенің 44 жобасы жүзеге асырылмақ. Алғашқы төрт жылда 17,5 млрд. теңгенің 28 жобасы жүзеге асып, 2,5 мың жұмыс орны құрылды. Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде бес жүзге жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 14,7 млрд. теңгенің 7 жобасын қолға алу жоспарланған. Бұл ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру биылғы жылдың еншісінде.

Өткен жылдың қазан айында сегіз жыл бұрын жұмысы тоқтаған “Биохим” зауыты қайтадан іске қосылды. Зауыт бидайдан биоэтанол алу мақсатында салынған болатын. Өндірістік кешеннің қызметін қайтадан қалпына келтіру өңір экономикасы үшін маңызды. Кәсіпорынның жаңа иелері – “ҚазМұнайГаз” АҚ-ы мен “BioLinekz” ЖШС-і зауытта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, 12,6 млрд. теңге қаржы құйды. Диірмен кешені іске қосылып, былтыр глютен мен балауыз өндірісі қолға алынды. Ал биылдан бастап негізгі өнім – биоэтанол шығарылатын болады. Елімізде және жақын шетелдерде баламасы жоқ кәсіпорында 260 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт толық қуатына көшкеннен кейін облыс бюджетіне жыл сайын 140 млн. теңге салық түсетін болады.

Жыл соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен “Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған” атты жалпыұлттық телекөпір аясында “Радуга” ЖШС-нің қайталама полимерлерді өңдеудің толық циклімен металпластикалық бұйымдар шығаратын зауытының тұсаукесері өтті. Ендігі кезекте өңірде азық-түлік, киім және басқа да күнделікті тұтынатын заттарды шығару мәселесі жолға қойылатын болады. Өндіріс ошағында екі жүзге жуық өнім түрі шығарылады деп күтілуде.

Қазақстан экономикасының басым салаларына инвестиция құюға және инновациялық технология тартуға, сондай-ақ, отандық кәсіпорындардың экспортқа бағытталған өнімдерін шетел нарығына шығаруға жәрдемдесу – бүгінгі күннің талабы. Сол себепті, біздің өңірде жыл сайын сауда-экономикалық және инвестициялық ахуалды жақсартуға арналған шаралар жүзеге асырылуда. Өткен жылы Қытай, Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Польша сияқты елдердің инвесторларымен ортақ инвестициялық жобалар қолға алынды. Нәтижесінде облыс экономикасына 212 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Яғни, 2017 жылмен салыстырғанда 50,4 пайыздық өсім тіркелді.

Біздің облыс ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуда ел бойынша бірінші орында екенін атап айтқым келеді. Егер былтыр аталмыш салаға республика бойынша 395,6 млрд. теңге инвестиция бағытталса, оның 82,9 млрд. теңгесі біздің облысқа тиесілі. 2018 жылы өңірге 155,5 млрд. теңге жеке инвестиция құйылды. Облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес биыл бұл көрсеткішті 10 пайызға арттыру қажет. Қазіргі уақытта біздің басқарма үстіміздегі жылдың инвестиция тарту бойынша жылдық жоспарын дайындауда.

Бүгіндері өңірімізге инвестиция тартуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, “Тиэлин Логистикс Инвест Компани” компаниясы жемазық қоспалары және ағашты, ал “KAZMEAL” ЖШС-і бидайды тереңдетіп өңдеу жобаларын жүзеге асыруда. Соңғы жоба биылғы жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, электр қондырғыларын шығаратын “Alageum Electric” компаниясы Петропавл қаласында трансформатор жасайтын зауыттың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Отандық инвестор бұл жобаға 3,2 млрд. теңге бағыттайды. “PP Solutions” компаниясы серверлердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заманауи Дата орталығының құрылысын жүргізуге ниет танытуда. Бұрынғы “Калинин” атындағы зауыттың өндірістік ғимараттары сатып алынып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 10 млрд. теңге. Осындай шаралардың нәтижесінде облысымызда 1426 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

“Kazakhstan Global Investment Round table” форумы аясында облыс әкімдігі германиялық “CLAAS” компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын атап айтқым келеді. Сапалы ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы компания үстіміздегі жылы 3 млрд. теңгені құрайтын жаңа зауыттың құрылысын бастап, 80 жұмыс орнын ашатын болады. Алғашқы 30 комбайн биыл құрастырылады.

Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Қазақстанның авиация зауыты мен Ресей Федерациясының Илюшин атындағы авиация кешені арасында ортақ келісім жасалды. Алдағы уақытта “ИЛ-103” ұшағын бірлесіп шығару жоспарлануда. Өйткені, Қазақстан мен Ресейде, өзге де шетелдерде жеңіл ұшаққа сұраныс жыл санап артуда. Жоба 30 млрд. теңгені құрайды.

Арман ОРАЗҒҰЛОВ, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp