«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЙ АЛМАСАҢ – ҚАСІРЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қой терісін жамылған қасқыр тәрізді діннің атын жамылған теріс пиғылды ағымдар қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін екендігіне соңғы кезде ғана ой жіберіп жатқандаймыз. Жалпы, дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанынан шықпайтын, айдағанға көнетін тобырға айналдыру. Бір сөзбен айқанда, оларды жанды қуыршақ сияқты басқарғысы келеді. “Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің” деген сөздің бекер айтылмағаны анық.

Кез келген адам мемлекеттің не болмаса қандай да бір ұйымның құрамдас бөлігі болып табылады. Адам белгілікті бір ортаға түскен кезде сол ортаның ықпалына бейімделгіш келеді. Яғни, сол сәттен бастап топтың ықпалымен бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлай бастайды, өз табиғатына тән емес іс-әрекеттерді істеуі де мүмкін. Оның сыры неде? Себебі, жеке тұлға қандай да бір топқа кіргеннен кейін арнайы дайындықтан өткен адамдардың ықпалымен ортақ жүйеге, бір мақсатқа бой ұсынады. Осылайша, дербес ойлау, өз бетімен әрекет ету қабілеттерінен айырылады. Жаңа күйге енеді. Бұрын өзіндік идеясы бар адамдар топ санатына енгеннен кейін біртұтас ұйымның мүшесіне айналады.

Зерттеушілердің айтуынша, ерік-жігері төмен жандар сыртқы күштердің әсерімен болған өзгерістерге бейімделгіш келеді екен. Дәстүрлі емес діни ұйымдар адамдарды ерекше қаһармандық не болмаса қатыгездікті талап ететін әрекеттерге оңай айдап сала алады. Мұндай жағдайда жүрексіну, тіпті, өзін-өзі сақтау инстинктіне де бағынбауы ықтимал. Себебі, ол өзін шексіз күшті сезінеді. Тағы бір айта кетерлігі, бейімделгіш жандар аңғал, сенгіш келеді. Оларды алдап-арбау, қандай да бір теріс мақсаттарға қолдану – дәстүрлі емес діни ұйым көсемдері үшін басты мақсат. Жүйкесі, ойлау қабілеті зақымданған адамдар шындық пен өтіріктің арасындағы алшақтықты айыра алмайтындықтан, көсемдерінің айтқанынан шықпайды.

Белгілі бір адамдардың айдап салуымен ашу-ызаға бой алдырған мұндай топқа қарсы келу, оларды жолынан қайтарам деу өте қауіпті және ауыр іс екені түсінікті. Ескішіл көзқараспен өмір сүретін, аңыз әңгімелерде айтылған жайттарды шындыққа балайтын дәстүрлі емес діни ағым мүшелері кез келген жаңашылдықты жақтырмайды, тіпті, оны жек көруі де мүмкін. Себебі, осы топ ықпалына түскен жандар үшін ұйымдардың рәсімдері мен салт-дәстүрлері бірінші орында тұрады. Бұл феноменге қатысты халық арасында көптеген оқиғалар тіркелген.

Теріс мақсатты көздейтін діни ағымдар жалпыға ортақ құндылықтарды, тіпті, мемлекеттің Ата заңын мойындамауы мүмкін. Соңғы жылдары елімізде дәстүрлі емес діни ағымдардың кесірінен орын алған бірқатар оқиғалар – осының бір дәлелі. Уахабилер мен салафиттер мемлекеттік Ән-ұранымызды, мемлекеттік Туымызды мойындамайды. Сол сияқты дәстүрлі медицинаны жоққа шығаруымен де ерекшеленеді.

Ислам дініне жат бірқатар ағымдарға қысқаша тоқтала кететін болсақ, алдымен есімізге “Ахмадия жамағаты” түседі. Бұл ағым 1880 жылдары Пәкістан жерінде пайда болған. Пәкістан, Иран, Ауғанстан жерлерінде кең таралған. Ол топтың мүшелері пайғамбар сүнеттерін жоққа шығарып, Ғулам Ахмедті Алланың елшісі ретінде таниды. Ахмадияшылдардың қажылық ету орындары Пенджаб пен Кашемир, әсіресе, Қадиан қалалары боп саналады. Олар көбіне мешітке бас сұға бермейді.

“Алля-Аят” (Фархатшылар) культтік-мистикалық діни ағымынан келетін қауіп те зор. Бұл ағымға да заңды түрде тыйым салынған. Ағымның негізін қалаушы – өзін “Жаратушы” деп жариялаған Алматы облысы Шонжы кентінің тұрғыны Фархат Абдуллаев. Ол қайтыс болғаннан кейін емдеу насихатымен оның зайыбы Нина айналысады. Бұл ағымның өкілдері дәстүрлі діндерді мойындамайды. Емдеу курсы Фархат атаның энергиясына қосылу арқылы басталады.

“Ата жолы” (басқаша атауы “Ақ жол”) ұйым ретінде өзінің қызметін 1997 жылдың ақпанынан бастады. Аталған ұйымның негізгі мақсаты – қарапайым адамнан әулие жасау. Қаржыландыру принциптері “қаржылық пирамидаларға ұқсас”, өйткені, ағымның әрбір мүшесі құрылымның деңгейін әрі қарай арттыру үшін өзімен бірге жаңа ізбасарларды тартуы тиіс.

Қазіргі таңда салафизм немесе уахабизм ағымынан да қауіп көп. Салафизм қозғалысы мұсылман әлемінің бәрінде пайда болып, түрлі мемлекеттерде әртүрлі бағыттарда бой көрсетуде. Салаф сөзі “бұрынғылар” деген мағынаны білдіреді. Ислам дінінің алғашқы үш ғасырына жататын ғұламалар тобы “салафтар” деп аталған. Ал бүгінгі салафилерміз деп жүргендер осы мазхаб жетекшілерін, алғашқы үш ғасырда өткен ғұламаларды құрметтейміз, солардың жолын ұстанамыз деп жатса, онда әңгіме басқа. Алайда, олардың ешқайсысын мойындамайды және мазхаб имамдарының бірінің де жолын ұстанбайды.

Тәқпіршілердің мақсаты да елде тұрақсыздық орнату. Мұндай секта адамдарды қоғамнан аластатып, психологиялық тұрғыда оқшаулануына ықпал етеді. Сана билеуге әбден дайын болғанда олар адамға кәпір мемлекетте өмір сүріп жатқандығын уағыздай бастайды. Сөйтіп, лаңкестік әрекетке даярлайды. Сол секілді жабық хижра деген акт бар. Мысалы, ол өзін кәпір өмірден аластатады, яғни қоршаған ортадан баз кешкен мұндай сектант ұлттық дәстүрінен, салтынан, бұрын киген киімдерінен бас тартады, мемлекеттік қызметін тастайды, сөйтіп, ол өзін шайтандардан тазаланып жатырмын деп сендіреді.

“Талибан қозғалысы” – Ауғанстаннан тараған діни-саяси ұйым. Талибанның құрылуы 1980 жылдардың басында Пәкістанның солтүстік-батыс шекаралық провинциясымен Белуджистан аумағында Пәкістан Ислам Республикасы билігінің нұсқауы бойынша жабық түрдегі және соған сәйкес идеологиялық және діни тәрбие алған ауған қашқындарының балаларынан құрылды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен “Талибан қозғалысы” лаңкестік ұйым ретінде танылды.

“Хизб ут-Тахрир” – халықаралық экстремистік саяси-діни ұйым. Исламның азаттық партиясы (мұсылман бауырлар) ағымынан бөлініп шығып, 1953 жылы Сирияда алғаш рет пайда болды. Бірінші кезекте партия Палестинаны азат ету және сионизммен күресуді өз алдына мақсат етіп қояды. Аталған партияның идеясы әлемнің 40-тан астам елінде таралған, көптеген мұсылман елдерінде бұл партияның әрекетіне ресми түрде тыйым салынған.

Осы аталған ағымдарға кіріп кеткен адамдарды кері қайтару үшін Құран мен хадиске сүйену өте маңызды. Және ондай адамдардың, біріншіден, мінез-құлқын зерттеп, шын пиғылмен көмектескіңіз келетінін дәлелдей білуіңіз қажет. Мысалы, соңғы уақытта Петропавл қаласында бір жігітті және Тимирязев ауданында екі ағайынды азаматты әйелдерімен бірге жат ағымның қатарынан шығардық. Біздің басты мақсатымыз – оларға дұрыс жол көрсету. Жат ағымның арбауында жүргенін түсінгендерді кері қайтару ісі ұзаққа созылады. Алдымен, түсіндіру жұмыстарын өткіземіз, яғни түрлі лекциялар оқимыз. Мысалы, бір жыл ішінде екі жүздей жеке кездесу мен лекциялар ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа дінтанушылар, имамдар, заңгерлер тартылуда.

Мұрат ӘМІРЖАНОВ, “Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы” КММ-нің дінтанушы-кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp