«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМЕРИКАЛЫҚТАР ТАРТУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Жаһандық ядролық қауіпсіздік” халықаралық бағдарламасын жүзеге асыру аясында Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан әскери институтына екі жаңа электронды тир орнатылды. Заманауи қондырғыларды табыс етуге Астана қаласындағы АҚШ елшілігінің жанындағы қорғаныс министрлігінің қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігінің бөлім директоры, подполковник Стивен Колдер бастаған топ пен Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов келді.

Ұлттық ұлан америкалықтармен 2017 жылдан бері әріптестік орнатқан. Әскери қызметшілеріміз Орталық Азия елдерінің мамандарымен бірге АҚШ-та шекараларды күзету бойынша тәжірибе алмасуға, жою қаруларын таратуға қарсы арнайы семинарларға қатысқан болатын. Жалпы, бүгінге дейін америкалық тарап ұландықтарға төрт электронды тирді сыйға тартты.

Тирлер офицерлер мен курсанттарға мергендік шеберліктерін оқу ордасының аумағынан шықпай-ақ шыңдауға мүмкіндік бермек. Жиында америкалық тарап қондырғыларды орнату және пайдалану бойынша нұсқама берді. Бұдан соң институт бастығы, генерал-майор Бауыржан Әбжанов қонақтарды әскери оқу орнының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Алдағы уақытта білім ошағында курсанттардың оқу бағдарламасы жетілдіріліп, әскери қалашықтың инфрақұрылымы нығайтылады.

Жиында Руслан Фатихұлы Ұлттық ұлан мен АҚШ елшілігінің жанындағы қорғаныс министрлігінің қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігі арасындағы серіктестіктің беки түсуіне зор мән берілетінін атап айтты. Өз кезегінде Стивен Колдер де бұл кездесудің маңыздылығын тілге тиек етіп, ынтымақтастықты күшейтуге ниетті екендіктерін жеткізді.

Руслан ҚАЙЫРКЕНОВ, Ұлттық ұлан әскери институтының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp