«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗЫЛҒАН ЖАЙДЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ЖАРЫҒЫН ЖАҚҚАН КЕЗДЕ ТҮНГІ КЛУБ

жастардан шығып жатыр түрлі қылық

(“Soltústіk Qazaqstan” газеті, 7 ақпан 2019 жыл)

Көңілімізде үрей бар

Даңғаза музыка, ұрпақтың болашағына балта шапқан арақ-шарап, жастардың басын айналдырған қорқор, тіпті, жан түршіктірер есірткі саудасының ордасы да осы түнгі клубтар емес пе?! Баламыз үйден шықса, түн ұйқымыз төрт бөлініп, екі көзіміз есікте, қашан келеді деп алаңдаумен боламыз. Балалар оны көп жағдайда түсінбей жатады.

Үп-үлкен жігіт болдым. Мені неге уайымдайсың”, – деп ренжиді. Алайда, сол мекемелерде орын алып жатқан түрлі бассыздықтар мен жантүршігерлік оқиғалардың арасында әрқайсымыздың баламыз болуы мүмкін ғой. Сондықтан мұны елемей, көз жұмып қарауға болмайды.

Осы орайда айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың бір сұхбатында айтқан сөзі есіме түсіп отыр. Қоғамдағы қылмыстың көбейіп жатқанына алаңдаушылық білдірген ол: “Қазақта апақ-сапақта деген уақыт бар. Бұл ақшам намазының уақыты ғой. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір ха­дисінде: “Балаларыңды ақшам намазы кезінде үйге кіргізіңіздер, олар жындармен соқтығысып қалмасын”, – дейді. Ақшам намазы жындардың ауысып жататын уақыты екен. Ал бізде қалай? Шешесі қызын далаға қыдыруға күн ұясына батып жатқанда, яғни ақшам намазы кезінде жібереді. “Әкең ұрысып жүрмесін, түнгі сағат 12 болмай кел” деп қояды. Бұл масқара сөз. Тіпті, кезінде ата-бабаларымыз шам намазынан кейін далаға шыққан қызды келін қылып алмаған”, – деп қынжылған еді. Өкінішке қарай, бұл сөздің мағынасын біреу түсінсе, басқалары түсіне бермейді. Расында да, түнгі клубтардың ақшам намазынан кейін ашылып, таңға дейін жұмыс істеп, ақыр аяғы ішімдік қойылған жердің берекесі қашып, соңы төбелес, зорлық-зомбылық, өлім-жітіммен аяқта­лып жататыны өкінішті.

“Түнгі клубтарға рейдтік іс-шара ұйымдастырып, осыншама заң бұзушылықты анықтады”, – дегенді үнемі естиміз. Алайда, менің ойымша, қолға алғаннан кейін жұмыстың нәтижесі болуы тиіс. Жай ғана ескерту жасап немесе айып-пұл салғанмен, мәселе шешілмейді. Қалтаның қамын ғана күйттейтін мекеме иелері ұрпақ тәрбиесін қайтсін? Күн сайын балаларымыздың арқасында қыруар табыс тауып жатқанда, ұлттың ұятын ойлап, бас ауыртсын ба? Майшелпектен қағылғысы келмейді.

Көңіл көтеру орындарының жеке адамға, отбасына, тіпті, елімізге тигізер зияны, зардабы өте көп. Мұның артында үлкен мәселе жатыр. Сондықтан баласының денсаулығына, ертеңіне алаңдаған ата-ана ретінде бұл жайт аяқсыз қалмаса екен дейміз.

Әсемгүл НАЗАРОВА.

Петропавл қаласы.

Қауіптің ордасы

Ұрпақ тәрбиесін халқымыз қашан да бірінші орынға қойған. Ал түнгі клубқа барған жастар темекінің түтінін будақтатып, “ащы судан” ұрттап, ақыр соңында ойланбай, ауыздарына келгенді “оттайды”. Неше сағаттан бері бір дастарқан басында бірге отырған “достар” бір-бірін танымай, өзара ерегісуге дейін барады. Ата-аналары, жақындары уайымдап жатыр-ау деген ой ешкімнің ойына кіріп те шықпайды. Сонда тапқан табысын көңіл көтеруге жұмсауға арланбағандары ма? Одан да сол ақшаны отбасына, бала-шағасына, бауырларына жұмсағаны пайдалырақ емес пе?!

Бір түнгі көңіл көтерер қаржы бір отбасының тамағын алуға жетер-ақ. “Біреудің ақшасында кімнің не жұмысы бар?” дейтін шығарсыз. Бірақ бір түсінбейтініміз, түнгі клубта көңіл көтеретіндердің дені – студенттер. Ауылдан оқуға келген қаражаяу студенттер оңды-солды шашатындай ақшаны қайдан алады деген сұрақ туады. Үйге келгенде, ата-анасы “қайда бардың?”, “не бітірдің?” деп сұрақтың астына алмай ма? Баласының қайда жүргенін қадағаламай ма? Ауылдағы ата-ана маңдай терімен тапқан ақшасының барлығын бауыр еті баласына жіберуге асығады. Сондағы ойлары: “Балам білім алып, үлкен азамат болады. Мамандық алып, бізді асырайды”. Мұны ойлап жүрген бала жоқ.

“Қыздан қылық кетсе, ұлдан ұят кетеді”, “Есті қыз етегін қымтайды” деген сияқты сөздер де бекер айтылмаса керек. Түнгі клубтардан келіп жатқан тағы бір жамандық – талай шаңырақтың берекесі қашып, ойраны шығуда. Бұл жайлы да айтпасқа болмайды. Екі жас шаңырақ көтергеннен кейін жары күйеуінің жағдайын жасап, тамағын пісіріп, кірін жуып, үйін жинап, бала-шағаға қарап отыруы керек деген пікір қалыптасқан. Алайда, өкінішке қарай, ер-азаматтар үшін мұндай талап қойылмайды. Себебі, олар – отбасының асыраушысы. Үйге қашан келіп-кететінін өздері біледі. Міне, барлық мәселе осыдан туындайды. Отбасындағы ұрыс-керіс, балалардың шуынан шаршаған жігіт достарымен кездесіп, бой сергітіп, көңіл көтергісі келеді. Яғни, дәмхана, караоке, тіпті, түнгі клубқа асығады. Алайда, мұның арты әрқашан жақсылықпен аяқталмайды. “Ащы суға” тойып алған адам үйіне таң ата ғана келіп немесе мүлдем бармайтын жағдайлар да кездеседі. Міне, осылайша, ерлі-зайыптылардың арасында кикілжің, түсініспеушілік туындап, біраз уақыттан кейін ол үлкен мәселеге айналады.

Кәсіппен айналысқаннан кейін, әрине, мекеме иелері көбірек пайда табуды көздейды. “Qazaqstan” кинотеатрының ғимаратында орналасқан “Plazma” түнгі клубының сыртында әр бейсенбі күндері рэтро-әндер кеші болатыны жайлы жазылған. Рэтро-әндердің тыңдаушысы кім? Бұдан байқайтынымыз, түнгі клуб жастардың ғана емес, ересек адамдардың да басын айналдыруда.

Қай жағынан алып қарасақ та, түнгі клубтардан қауіп аз емес. “Жас болғаннан кейін көңіл көтергендері қалыпты нәрсе. Оны түйткілге айналдырудың керегі жоқ”, – дейтіндер біраз ойланып, қоғам болып бұл мәселені шешу үшін атсалысуымыз керек.

Шолпан СӘЛІКОВА, ардагер-ұстаз.

Жамбыл ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp