«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПСЫЗ ТҰЛҒАЛАР ЖАЗАЛАНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр облыс бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде 1483 бас малдың бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталды. Ветеринарлық заңнаманы бұзған 270 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 6,1 млн. теңге айыппұл салынды.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Алтынбек Абдуллаевтың айтуынша, өткен жылы жоспарлы диагностикалық және алдын алу шаралары, жануарларды сәйкестендіру жұмыстары жүргізілген.

– Індетке қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс бойынша 499,3 мың ірі қара, 400 мың ұсақ мал, 96 мың жылқы, 82 мың шошқа тексерілді. Ветеринар мамандар былтыр облыс аумағында ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2710 тексеріс жүргізіп, 1130 құқық бұзушылықты анықтады. Осы орайда Айыртау, Есіл, Жамбыл, Мамлют және Тимирязев аудандарының ветеринария бөлімдерінің мамандарының өздеріне жүктелген міндеттерді қажетті деңгейде атқармай отырғаны белгілі болды, – дейді Алтынбек Тағайбекұлы.

Өңірдегі мал ұрлығының алдын алу мақсатында былтыр 250 рейд ұйымдастырылды. Нәтижесінде малды және ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 200-ге жуық дерегі анықталған. Негізінен, малды тасымалдау барысында ветеринарлық заңнаманы бұзу фактілері жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша, көп жағдайда қара малдың ілеспе құжаттары болмайды екен. Тексеру барысында ветеринарлық құжаттардың талапқа сай берілмегендігі де белгілі болды. Осыған орай ветеринарлық заңнаманың бұзылуына жол берген 11 маманға әкімшілік шара қолданылды.

Бұдан бөлек, өткен жылы Петропавл қаласында етті құжатсыз саудалаудың 57 фактісі тіркелді. Ет Аққайың, Мамлют, Есіл, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Жамбыл, Айыртау және Тимирязев аудандарынан жеткізілген.

Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.

Сурет интернеттен алынды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp