«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖӘРДЕМАҚЫ ТӨЛЕУ ТЕТІГІ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: тұрмыс пен табыс сапасын арттыру” атты Жолдауында Үкіметке мемлекеттің қолдауына мұқ­таж көпбалалы отбасыларға жәрдемақы төлеу тетігін жетілдіруді тапсырған болатын. Бұрнағы күні Петропавлда облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахметтің төрағалығымен өткен жедел штабтың отырысында осы мәселе әңгімеге арқау болды.

Жиын барысында көпбалалы отбасыларға және қоғамның әлжуаз топтарына атаулы әлеу­меттік көмек беруді жеңілдету, оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмады.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко 2018 жылы 4633 көпбалалы анаға 55,7 миллион теңгенің көмегі көрсетілгенін айтты. “Мемлекет басшысы алдымызға қойған тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мәселесі облысымызда сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде басқарма мамандары көпбалалы отбасыларды қол­дау­дың қосымша тетіктерін қарастыруда. Үстіміздегі жылы өңірімізде тұратын 4610 анаға 58, 2 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілетін болады”, – деді Сергей Яковенко.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап төрт және одан да көп балалары бар аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек жаңа тәртіп бойынша төленуде. Ол үшін бір жылға 320 миллион теңге қарастырылып отыр.

Жиында көпбалалы отбасылардан шыққан сәбилердің мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу мәселесі де сөз болды. Петропавл қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Татьяна Протопопова өңіріміздегі көпбалалы отбасыларда жеті жасқа дейінгі 2037 бүлдіршін бар екенін, олардың барлығын балабақшаларға орналастыру мәселесі шешімін табатынын жеткізді.

Жедел штабтың отырысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев өрттің алдын алу мақсатында тұрғын үйлерде түтінді анықтайтын автономды дабылдар орнатылып жатқанынан хабардар етті. Қазірге дейін облысымыздағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар тұратын 33 үйге дәл сондай қондырғы орнатылған. Алдағы уақытта департамент мамандары олардың санын еселеуді жоспарлап отыр.

Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp