«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САХНАДА – ДЕТЕКТИВТІ ДРАМА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының репертуары тағы бір қойылыммен толықты. Бұл жолы көрермендер назарына Джон Бойнтон Пристлидің “Wellcome inspector” атты детективті драмасы ұсынылды.

Туынды желісі бірлігі жарасқан Берлингтер отбасында орын алған шытырман оқиғадан бастау алады. Ауқатты кәсіпкер Артур Берлингтің отбасы көңілді кеш өткізіп жатады. Өзін полиция инспекторымын деп таныстырған Гулл мырзаның тосын хабары кенет мерекенің шырқын бұзады. Инспектордың айтуынша, қалалық ауруханалардың бірінде Ева Смит есімді қыз қаза тапқан. Ол химиялық ерітінді ішіп, өмірімен қоштасқан. Инспектордың осы оқиғаға орай Берлингтер отбасының әр мүшесін жауапқа тартуы оларды әбден мезі қылады.

Спектакль барысында бойжеткеннің өз-өзіне қол жұмсауына Артур Берлингтің жары Сибил ханым мен отбасының кенжесі Эриктің де қатысы бар-жоқтығы тергеледі. Алғашында олар өзге туысқандары сияқты ақталмақ болғанымен, кейін өз кінәларын мойындайды. Бір қызығы, шытырман оқиғаға толы сюжет желісі күтпеген оқиғамен аяқталады.

Аталмыш спектакльді театрға жаңадан келген жас режиссер Алмас Ахметбеков қойды. Бұл оның көрермендерге ұсынып отырған екінші қойылымы. Режиссер бұған дейін Көкшетау қаласының орыс драма театрында “Стулья” спектаклін сахналаған. “Отбасы құндылықтарының маңызы жойылып бара жатқан бүгінгі қоғамға мұндай қойылымдар ауадай қажет. Қоғам және отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасы дұрыс болмаған жағдайда әрқайсымыздың бойымызда адамгершілік, адалдық, өзгелерге деген құрмет сияқты қасиеттердің болуы екіталай. Біз спектакль арқылы осыны жеткізгіміз келді. Бір-бірімізге мейірімділік танытып, жаман әдеттерден аулақ болу мәселесі де туындыдан көрініс тапқан”, – деді ол.

Рөлдерді Дәурен Тойбазаров, Аида Сұпатаева, Мәдина Өсербаева және Еркебұлан Мусин сомдады. Туындыны тамашалаған көрермен театр әртістерінің еңбегін жоғары бағалады. “Детективті драманы тұңғыш рет тамашаладым. Әртістер образдарды жақсы ойнай білді. Қазіргі қоғамға осындай тақырыпты қозғайтын спектакльдер қажет”, – дейді көрермен Ләзім Меңдібаева.

Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp