Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде “Мемлекеттік саясаттың басымдығы – жастарды және отбасы институтын кешенді қолдау” тақырыбында “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Шараны аталмыш колледж ұжымы мен қалалық жастар ресурсы орталығы ұйымдастырды.
“Дөңгелек үстел” басында колледж студенттері отбасы құндылықтарының маңыздылығы жайында ой қозғады. Облыстық мәслихаттың депутаты Екатерина Старостина бала тәрбиесіндегі ата-ана рөліне тоқталды. Оның пікірінше, әр ата-ана балаларына тәрбие бергенде үлкенді құрметтеу, адал және кішіпейіл болуға үйретудің қажеттігін ұмытпауы тиіс. Сонда ғана отбасында түсіністік болып, мықты қоғам қалыптасады. Ал, қалалық жастар ресурсы орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Аққу Есімгажинова жас буын өкілдерін қолдау аясында өңірімізде жүзеге асырылып жатқан шараларға тоқталды. “Сіздерді тек оқуда емес, сонымен қатар қоғамдық жұмыста да белсенді болуға шақырамын. Мемлекеттің гүлденуіне бірлесіп атсалысайық”, – деді ол.
Гүлбике Кубенова.